Accessibility links

Шымкентте екі белсенді "заңсыз митингіге шықты" деп айыпталып, бес тәулікке қамалды


Шымкенттік белсенді Данияр Байтілеу мен учаскелік полицей Мадияр Сейітов онлайн сотқа қатысып отыр. Шымкент, 26 ақпан 2021 жыл.
Шымкенттік белсенді Данияр Байтілеу мен учаскелік полицей Мадияр Сейітов онлайн сотқа қатысып отыр. Шымкент, 26 ақпан 2021 жыл.

26 ақпан күні түстен кейін Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "заңсыз митингіге шықты" деген айыппен азаматтық белсенділер – Данияр Байтілеу мен Ерғали Құлбаевты бес тәулікке қамады. Бұл туралы онлайн сот отырысына қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Байтілеу мен Құлбаевты 15 ақпанда қаладағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесінің алдында "тыйым салынған ҚДТ қозғалысының қызметіне араласты" деген күдікпен екі айға қамалған белсенді Нұржан Мұхаммедовті босатуды талап еткені үшін сотталды. Сот түрме алдындағы шараны "заңсыз митинг" деп тапты.

Данияр Байтілеудің айыптау хаттамасын толтырған Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының полицейі Мадияр Сейітов сот отырысында "айыпталушылар митинг өткізгеннен бөлек 28 ақпан күні митингіге шығамыз деп жариялады" деді.

Белсенділер 15 ақпан күні митинг өткізбегенін, Мұхаммедовтің ас-суын алып барып, оның заңсыз қамалғанын айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдағанын мәлімдеді.

Сот тараптарды тыңдап, Құлбаев пен Байтілеуді 5 тәулікке қамауға қаулы шығарды. Белсенділер тағылған айыпты мойындамайтынын айтты.

- Бұл – 28 ақпан күні өтуі мүмкін деген митингіге қатыстырмаудың амалы, – деді белсенді Ерғали Құлбаев.

Құлбаев пен Байтілеу бұған дейін жерді шетелдіктерге сату мен жалға беруге қарсы өткен, саяси тұтқындарға бостандық талап еткен митингілерге қатысқан. Бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, қамалған.

Қазақстандағы оппозициялық топтар жұртты 28 ақпанда билікке талап айтатын митингіге шақырған. Әр қаладағы белсенділер әкімдіктен 28 ақпанда наразылық жиын өткізуге өтініш жасағанымен, рұқсат етпеді. Тек Орал қаласының әкімдігі ғана рұқсат берді.

Митинг қарсаңында Қазақстанның бірнеше қаласында полиция белсенділерді бөлімшеге шақырып, ескерту жасады. Қамалғандары да бар.

Жұртты 28 ақпанға митингіге "Демпартия" құрғысы келетін бастамашыл топ пен елде қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық қозғалысы" (Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған) және Макс Боқаев бастаған белсенділер шақырған.

Митинг қарсаңында белсенділер тағы ұстала бастады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG