Accessibility links

Нигерияда мектептен 300 оқушы қызды ұрлап әкеткен


Нигерияның бұрынғы астанасы Абуджа қаласында 2014 жылы қылмыскерлер ұрлап әкеткен мектеп оқушыларын еске түсіру акциясы.
Нигерияның бұрынғы астанасы Абуджа қаласында 2014 жылы қылмыскерлер ұрлап әкеткен мектеп оқушыларын еске түсіру акциясы.

Нигерияның солтүстігіндегі Замфара штатындағы мектепке қарулы топ шабуыл жасағаннан кейін жүздеген қыз жоғалып кетті.

Сондай екі қыздың әкесі Associated Press агенттігіне мектеп әкімшілігінің мәліметінде 300 қыздың жоғалғаны айтылғанын хабарлаған. Оның сөзінше, өзінің 10 және 13 жасар екі қызы мектептен қайтпаған.

Жергілікті тағы бір тұрғынның хабарлауынша, қарулы топ мектепке қоса жақын маңдағы әскери лагерь мен бақылау-өткізу бекетіне шабуылдаған. Куәгердің сөзінше, сол себепті әскерилер мектептегі жағдайға араласа алмаған болуы мүмкін.

Шабуыл салдарынан қаза тапқан я жараланғандар туралы ақпарат әзірге түскен жоқ. Қауіпсіздік қызметі қылмыскерлерді іздестіріп жатыр.

Замфарада адам ұрлап әкетіп, ақша немесе түрмеде отырған сыбайластарын босатуды талап етумен айналысатын бірнеше ірі қылмыстық топ бар. Нигерияда мұндай оқиға жиі болып тұрады.

Бұған дейін ақпан айында Нигерияның тағы бір қаласы – Нигерде де мектепке шабуыл жасалған. Сол жолы кемінде бір бала қаза тауып, қылмыскерлер 40-тан астам адамды ұрлап әкеткен. Олардың арасында оқушылар ғана емес, ұстаздар мен олардың отбасы мүшелері де бар. Содан екі ай бұрын қарулы топ Нигерияның Кацина штатындағы мектептен 400-ге жуық ұлды ұрлап әкеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG