Accessibility links

AI: Навальный жайлы шешімнің Кремль пропагандасымен байланысы жоқ


Ресей оппозициялық саясаткері Алексей Навальный.
Ресей оппозициялық саясаткері Алексей Навальный.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды ар-ождан тұтқыны деп таныған шешімін неге өзгерткенін түсіндірді.

Ресми сайтында жариялаған мәлімдемесінде Amnesty International шешім қабылдағанда Twitter-дегі тред немесе журналистер я билікшіл белсенділер лоббиіне сүйенбейтінін, ондай шешім дәлел-айғақтарды мұқият тексеріп барып қабылданатынын айтқан.

Құқық қорғау ұйымы өз шешіміне [Алексей Навальныйға] жала жабу науқаны әсер етті деген сөзді негізсіз дейді. "Ресей билігінің пропагандасын ажыратуға болады" дейді құқық қорғаушылар.

"Бұл мәселеде жаңылысуға болмайды. Навальныйдың бұрын айтқан сөзінің ешбірі оны қазіргідей саяси себеппен ұстауға ақтау бола алмайды" деп мәлімдеген халықаралық құқық қорғау ұйымы.

Мәлімдеме авторлары "бұл шешімнің қолайсыз уақытта қабылдануы" саясаткердің бостандығы үшін басталған науқанға зиянын тигізуі мүмкін екенін мойындап, қынжылыс білдірген.

Amnesty International мәлімдемесі жарияланардың қарсаңында Ресей жазушысы Борис Акунин халықаралық ұйымға электрон поштамен хат жазып, Алексей Навальныйды ар-ождан тұтқыны деп танудан бас тартқан шешімін өзгертуге үндеген.

"Алексей Навальныйды ар-ождан тұтқыны мәртебесінен айыру туралы шешімімен AI "алдымен ажал аузынан қалып, кейін әділетсіз жолмен түрмеге қамалған" адамға соққы болып тиді. Сіздер оның камерасының есігін одан сайын нығыздап жауып, оның бостандығы үшін күресімізді қиындаттыңыздар. Хаттаманың қасаң әрпіне жабысып, өз миссияңыздың рухын бұздыңыздар" деп жазды Акунин.

  • Ресей билігі әскери қару саналатын "Новичок" уынан уланып, Берлинде емделген соң 17 қаңтарда Отанына оралған саясаткер Алексей Навальныйды Мәскеу әуежайында ұстап, қамауға алған соң бірнеше сағаттан кейін Amnesty International ұйымы Навальныйды ар-ождан тұтқыны деп таныған.
  • 23 ақпанда Amnesty International Навальныйды ар-ождан тұтқыны деп тану туралы шешімін өзгерткені белгілі болды. Бұл шешім ұйымның заң және саясат департаменттері саясаткердің 2000 жылдардың ортасында "өшпенділік қоздыратын" сөз айтқанын анықтаған соң қабылданған.
  • 1964 жылы Amnesty International ұйымы Нельсон Манделаны ар-ождан тұтқыны деп тану туралы өз шешімін өзгерткен. Ұйым шарты бойынша, ар-ождан тұтқыны мәртебесі зорлық-зомбылықты қолданбайтын және ондайға үгіттеп-насихаттамайтын, өзгелерді өшпенділік мен жаулаусуға шақырмайтын адамға ғана беріледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG