Accessibility links

Арменияда премьер-министр президентпен тартысқа түсті


Армения премьер-министрі Никол Пашинян Еревандағы Республика алаңында сөз сөйлеп тұр. 25 ақпан 2021 жыл.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Еревандағы Республика алаңында сөз сөйлеп тұр. 25 ақпан 2021 жыл.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян жақтастарын 1 наурыз күні Ереван орталығындағы Республика алаңына митингіге шығуға шақырды. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.

Жұма, 26 ақпан күні Арменияда оппозиция жақтастарының акциясы өткен. Келесі күні ел президенті Армен Саркисян Армения қарулы күштері бас штабының жетекшісі Оник Гаспарянды жұмыстан босату туралы жарлыққа қол қоюдан бас тартып, премьер-министр Никол Пашинянға қарсы тұрды. Штаб басшысын жұмыстан босатуды Пашинян сұраған.

Бейсенбі, 25 ақпан күні Бас штабтың премьер-министр мен үкіметті отставкаға жіберуді талап еткені белгілі болды. Талап-арызға штаб жетекшісі Оник Гаспарян, оның орынбасарлары, басқармалар мен корпустардың жетекшілері қол қойған. Осы күні Ереванда екі акция өтті. Бірін бас штаб өтінішін қолдаған оппозиция жақтастары, бірін Пашинян жақтастары өткізді.

Пашинян бас штаб талабын "әскери төңкеріске талпыныс" деп атап, штаб жетекшісін жұмыстан шығару туралы шешімін жариялады.

Ел конституциясына сай, қарулы күштер бас штабының жетекшісін премьер-министрдің ұсынуымен президент тағайындайды, жұмыстан шығарады. Бірақ Армен Саркисян Оник Гаспарянды жұмыстан шығару туралы жарлыққа қол қоюдан бас тартты.

Осыдан кейін Пашинян оған өз ұсынысын екінші қайтара жолдады. Енді президент үш күн ішінде жарлыққа қол қояды не премьер-министр шешімін Армения конституциялық сотында даулайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG