Accessibility links

Нұр-Cұлтанда "кеттлингтегі" белсенділерге прокуратура, әкімдік және кәсіподақ өкілдері келді


Полиция марқұм белсенді Дулат Ағаділді еске алуға келгендерді "кеттлингке" алған сәт. Нұр-Сұлтан, 28 ақпан 2021 жыл.
Полиция марқұм белсенді Дулат Ағаділді еске алуға келгендерді "кеттлингке" алған сәт. Нұр-Сұлтан, 28 ақпан 2021 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласында полиция жасағының "кеттлинг" дейтін әдісімен қоршауына алынған белсенділерге республикалық кәсіподақ федерациясының, қалалық әкімдіктің және Байқоңыр аудандық прокуратурасының өкілдері келіп, бірі келісімге келуді, бірі тарауды сұрады.

Жексенбі, 28 ақпан күні күндізгі 12:00 шамасында Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәдуақас Ғылмани атындағы мешітке келіп, полиция абақтысында жұмбақ жағдайда қайтыс болған Дулат Ағаділдің рухына құран бағыштамақ болған 30 шақты азаматты полиция жасағы қоршауға алды.

Дулат Ағаділді еске алуға келген адамдар есігі құлыптаулы Сәдуақас Ғылмани атындағы мешітінің алдында. 28 ақпан 2021 жыл.
Дулат Ағаділді еске алуға келген адамдар есігі құлыптаулы Сәдуақас Ғылмани атындағы мешітінің алдында. 28 ақпан 2021 жыл.

Белсенділер марқұмның рухына арналған құранды қақпасы құлыптаулы мешіттің сыртында оқып, одан әрі "Жастар" сарайының алдынан басталуы тиіс шеруге бара жатқан. Олар қолдарына қамауда отырған белсенділердің суреттерін алып шығып, "саяси тұтқындарға бостандық" талап етеді.

Өзін республикалық кәсіподақ федерациясының өкілі деп таныстырған Төлеген Күнәділов дейтін азамат белсенділерді "келісімге келейік" деп үстел басына шақырды. Белсенділер кәсіподақпен келіссөз жүргізетіндей жұмыс мәселесін көтеріп тұрмағанын, саяси белсенділерді босатуды талап ететінін айтты.

Осыдан кейін белсенділерге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілі мен Байқоңыр аудандық прокуратурасының өкілдері келді. Өзін прокуратура өкілі деп таныстырған Асхат Ықсанов жиынды заңсыз деп атап, тарауды талап етті. Қалалық әкімдік өкілі Ақжол Қажынов белсенділер үйіне қайтуға келіссе, полиция көлігімен жеткізіп салатынын айтты. Белсенділер билік өкілдерінің талап-өтініштеріне көнбеді.

Дулат Ағаділді еске алуға жиналған азаматтар "кеттлингке" алынардың алдында. Нұр-Сұлтан, 28 ақпан 2021 жыл.
Дулат Ағаділді еске алуға жиналған азаматтар "кеттлингке" алынардың алдында. Нұр-Сұлтан, 28 ақпан 2021 жыл.

Мешіт пен соның жанындағы "Астаналық" базарының (бұрынғы "Артем" базары) айналасы түгелдей қоршауға алынған. Жиын орнында бірнеше автозак тұр.

Жексенбі күні Нұр-Сұлтан қаласында ауа райы -4 градус болып, қар жауып тұр. Қоршауда тұрғанына бір сағат болған үш әйел дәретханаға баратынын айтып, сыртқа шыққанда полиция жасақтары келіп, оларды автозакқа салды. Әйелдер дәретханаға барған соң, белсенділерге қайта қосылмақ болған.

Оқиға орнында мобильді интернет бұғатталған.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев журналистерге сұхбат беріп тұр. 28 ақпан 2021 жыл.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев журналистерге сұхбат беріп тұр. 28 ақпан 2021 жыл.

Сағат 14:00 шамасында қоршаудағы белсенділерге Қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев келіп, олардан плакаттарын тастап үйге қайтуды, келісім берсе, полиция көлігімен үйіне жеткізіп салатынын айтты. Белсенділер "полиция кетсін, өзіміздің баратын жеріміз бар, әйтпесе қоршауда тұра береміз" деді. Малыбаев та талабы орындалмаса қоршаудың алынбайтынын айтты.

  • Осыған дейін Қазақстанда заңсыз деп танылған, Еуропарламент "бейбіт ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Қазақстанның демократиялық партиясын" құру жөніндегі бастамашыл топ 28 ақпан күні Қазақстанның бірнеше қаласында митинг өткізуге шақырған. Екі топ акцияларын екі бөлек өткізуді жоспарлаған. Билік бұл акцияларды мақұлдамағанын айтады.
  • Қазақстан полициясы бейбіт жиын кезінде "кеттлинг" әдісін осымен үшінші рет қолданып отыр. Былтыр 16 желтоқсанда, биыл 10 қаңтарда өткен наразылық жиындарында белсенділер аязды күні сағаттап қоршауда тұрған. Жергілікті және халықаралық сарапшылар полицияның бұл әдісін айыптап, оны азаптауға теңейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG