Қырғызстан мұнайшылар қауымдастығы қаңтар айынан бері елде бензин және дизель құнының 14 пайызға қымбаттағанын мәлімдеді. Қауымдастық жетекшісі Канат Эшатов бұған халықаралық нарық пен Ресейде жанар-жағар майдың қымбаттауы, Қазақстаннан жанар-жағармай экспортының тоқтағаны себеп болғанын айтады.
- 2020 жылмен салыстырғанда жыл басынан бері Қырғызстанда девальвация 21 пайызға өсті. Бұл ТМД кеңістігіндегі ең жоғары көрсеткіш. Бізде тұтынылатын тауардың 80 пайызынан астамы импортталады. Соның салдарынан жанар-жағар май бағасы өсіп жатыр. Мұнайшылар қауымдастығы жағдайды тұрақтандыруға арналған қоймадағы отынды қолданып жатыр. Бірақ бәрібір халықаралық нарықта бағаның өсуі және ұлттық валютаның түсуінен туындаған қымбатшылыққа тосқауыл бола алмай жатырмыз, - деді Канат Эшатов 1 наурыз күнгі баспасөз жиыны кезінде.
1 наурыз күнгі ақпарат бойынша, Бішкектегі жанар-жағар май станцияларында АИ-95 бензині - 41 сом 90 тиын, АИ-92 маркалы бензин - 41 сом 30 тиын, АИ-80 36 сом 90 тиыннан сатылып жатыр. Дизельдің бір литрі 38,90 тиыннан асқан. Бұл алдындағы бағамен салыстырғанда 5-7 сомға көп.
Қырғызстанға жанар-жағармай Ресей мен Қазақстаннан тасымалданады. Мұнайшылар қауымдастығының мәліметінше, қаңтар айынан бері Қазақстан Қырғызстанға жанар-жағармай экспортын да тоқтатқан.
2020 жылы Қазақстанда артық жанар-жағармай көлемі пайда болып, Қырғызстанға арзан бағада жанар-жағармай жеткізу бойынша келісім жасалған. Бірақ қыста Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарында жөндеу жұмыстары жүргізіп жатқанын алға тартып, экспортты тоқтатқан.
ПІКІРЛЕР