Accessibility links

Ақтөбеде полиция белсенділерді "адвокатсыз 7 сағат ұстап, жауап алған"


Полицияның наразыларды ұстап әкетуі. Ақтөбе, 28 ақпан 2021 жыл.
Полицияның наразыларды ұстап әкетуі. Ақтөбе, 28 ақпан 2021 жыл.

Ақтөбе полициясы 28 ақпанда көшеден ұстап әкеткен белсенділерді 7 сағат бойы ұстап, адвокатсыз жауап алған. Бұл туралы Азаттыққа жексенбі күні Орталық стадион маңынан ұсталған Ахмет Сәрсенғалиев хабарлады.

Қолына "Stop repression" деген жазуы бар қағаз ұстаған Ахмет Сәрсенғалиевті полиция жексенбі күні сағат 12-ден өте стадион жанынан алып кеткен. Сәрсенғалиевпен бірге бір мезетте ұсталған төрт адам Зауыт полиция бөліміне жеткізілген.

- Зауыт полиция бөлімінде бізді 7 сағат бойы ұстады. Жауап алды, қаптаған құжат толтырып, қол қойыңдар деді. Мен қол қоюдан бас тарттым. Өйткені, полиция толтырған протоколда баптар саны тым көп болды. Ал мен ешқандай заң бұзғаным жоқ. Бейбіт митингіге шығып, саяси тұтқындарға бостандық берілуін ғана талап еттім, - дейді Ахмет Сәрсенғалиев.

Ақтөбенің тағы бір тұрғыны Ақтамақ Көптілеуованы полиция құрбысымен бірге көшеде кетіп бара жатқан жерінен әкеткен. Ақтамақ Көптілеуова Зауыт полиция бөлімінде жеті сағаттан астам болғанын айтады.

- Автозакқа тиеп, учаскеге күштеп жеткізгеннен кейін менен қылмыстық іс бойынша куә ретінде жауап алды. Бұл - Қылмыстық кодекстегі 405-бап ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") бойынша қозғалған іс екен. Полиция куәлерді қашаннан бері көшеден күштеп әкететін болған?! Түсінбедім! Құқығым бұзылғандықтан мен де полиция толтырған протоколға қол қоюдан бас тарттым, - дейді Ақтамақ Көптілеуова.

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, 28 ақпан күні ұсталған азаматтардың ешқайсысы әкімшілік жауапқа тартылмаған. Белсенділердің шақыруымен жексенбі күні Зауыт полиция бөліміне барған адвокат Расиля Өтегенова полиция ұсталғандардан 405-баппен қозғалған қылмыстық іс бойынша жауап алғанын айтады.

- Полицияға көшеде кетіп бара жатқан жерінен ұсталған Асанәлі Сүйеубаевтың шақыруымен бардым. Сүйеубаевтың айтуынша, 28 ақпан күні таңертең үйіне учаскелік инспектор соғып кеткен. Тап сол инспектор түске таман қаланың екінші бір бөлігінде Сүйеубаевты ұстауға қатысады. Яғни, полиция күні бойы Сүйеубаевтың басқан ізін аңдып жүрген. Учаскеге барғанымда полиция адвокаттық қызметіме кедергі жасамақ болды. Ұсталғандардан адвокатсыз жауап алып, дөрекілік көрсеткен. Стадион жанынан ұсталған зейнеткер Мәрия Дәулетованың учаскеде жылап отырғанын көрдім. Полиция азаматтарды ұстап, бірақ бәріне бірдей протокол толтырмаған. Мен бүгін полиция департаментіне ресми сұрау жолдап, алты адамның протоколын алмақшымын, - дейді адвокат Расиля Өтегенова.

Жергілікті белсенділердің сөзіне қарағанда, жексенбі күні қалада 30-ға жуық адам ұсталған. Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов отыз адамның ұсталғанын жоққа шығарып отыр. Бірақ ол ұсталғандар саны туралы айтпай, "менде нақты ақпарат жоқ" деп қысқа қайырды.

28 ақпанда Қазақстанда билікке қарсы бейбіт митинг өтеді делінген күні Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа қалаларда митинг орны аумағында полиция ондаған адамды ұстаған. Алматы мен Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ билікті сынаған белсенділерді "кеттлингке" алып, 3-11 сағат аралығында аязда ұстап тұрды.

Қарай отырыңыз: "Назарбаев хан емес, қазақ халқы мал емес!" Алматы мен аймақтағы наразылық қалай өтті? (28 ақпан 2021 жыл).

"Назарбаев хан емес, қазақ халқы мал емес!" Алматы мен аймақтағы наразылық қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:22 0:00

Ішкі істер министрлігі жексенбі күні нақты қанша адамның ұсталғанын айтпады. Құқық қорғаушылар республика бойынша жүз шақты адам ұсталғанын, басым бөлігі босатылғанын айтады. Қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны әзірге белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG