Accessibility links

Аударма бюросының иелері Навальныйды сотқа беріп, Youtube арнасын да жоюды талап етті


Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный.
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный.

Мәскеу маңындағы аударма бюросының иелері оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды сотқа берді. Геннадий мен Олег Егоровтар Навальный әрекеті бюро жұмысы мен президент Владимир Путиннің қызметіне кедергі келтіргенін айтып, моральдық өтемақы ретінде 10 млн рубль талап етті. Бұл туралы "Открытые медиа" хабарлады.

Егоровтар сонымен бірге соттан YouTube видеохостингіндегі Навальный арнасын жоюды сұраған. Олардың пікірінше, аталған арна Путиннің жұмысына кедергі жасайды, ал президент пен Ресей экономикасы туралы арна таратқан мәліметтер бюроның беделіне нұқсан келтіреді.

Шағым берушілердің айтуынша, оппозиционердің қызметі тұрақты түрде бюро жұмысына кедергі жасап, митингілерге байланысты клиенттер кеңселеріне жете алмай қиналған.

"Открытые медиа" басылымының жазуынша, Навальныймен байланысты наразылық акциялары әдетте демалыс күндері немесе жәй күндері кешкі сағат 8-ден кейін өткен. Ал бұл кезде аударма бюросының кеңсесі жабық болады. Журналистер мұны клиент кейпіне еніп те, тексеріп көрген.

Алексей Навальный 18 қаңтарда Германиядан емдеуден орала сала Мәскеу әуежайында ұсталған. 2 ақпанда Мәскеудің Симоновский соты федералдық қылмыстық жазаны орындау қызметінің (ФСИН) талабымен оппозиционердің шартты жазасын түрме жазасына ауыстырған. 2013 жылғы қылмыстық іс бойынша Навальный 2,5 жылға колонияға жіберілді.

ФСИН-нің мәлімдеуінше, саясаткер шартты жазаны өтеу ережесін бұзған. Навальный мұны жоққа шығарады. Мәскеудегі "Матросская тишина" тергеу изоляторында 1,5 ай қамауда болған оппозиционер өткен аптада Владимир облысына этаппен жіберілген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG