Accessibility links

Қазақстанда 28 мыңдай адамға коронавирус вакцинасының бірінші компоненті егілді


Қарағандыдағы фармацевтика кешені өндірген Ресейдің "Спутник V" вакцинасы. 9 ақпан, 2021 жыл.
Қарағандыдағы фармацевтика кешені өндірген Ресейдің "Спутник V" вакцинасы. 9 ақпан, 2021 жыл.

Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 6 наурыздағы мәліметі бойынша, Қазақстанда 28 388 адамға Covid-ке қарсы вакцинаның бірінші компоненті, 14 933 адамға екінші компоненті егілді. Вакцина салынғандардың арасында 1 345 мұғалім, 174 полиция қызметкері бар.

Қазақстанда 1 ақпаннан халыққа жаппай коронавирусқа қарсы вакцина егу басталған.

19 қаңтардағы үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: "Бірінші кезеңде инфекциялық аурухана, жедел жәрдем, реанимация бөлімі, аурухананың қабылдау бөлмесінде істейтін қызметкерлер, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына вакцина салынады. Бұл шамамен 100 мың адам. Вакцинация 2021 жылдың 1 ақпанынан басталады" деген.

Үкімет жоспарына сәйкес, жарты жыл ішінде 2 млн адамға вакцина салынады, қалған жартысында 3-4 млн адам егіледі. Алғашқы кезеңде тұрғындарға ресейлік вакцина салынады.

Денсаулық сақтау министрлігінің жоспары бойынша, наурызда екпе егудің екінші кезеңі басталып, онда мектеп мұғалімдері мен университет оқытушыларына, медицина қызметі өкілдеріне – жалпы 150 мың тұрғынға вакцина салынуы тиіс.

Сәуір айынан бастап мектеп-интернат мұғалімдеріне, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне, студенттерге және созылмалы дерті бар адамдарға екпе салынады. Бұл кезеңде 600 мың адамды қамту жоспарланған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда былтырғы наурыздан бері коронавирус жұқтырған 217 299 адам, соған ұқсас "пневмонияға" шалдыққан 49 504 адам (былтырғы 1 тамыздан бергі санақ) тіркелген, барлығы 3 436 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG