Accessibility links

Ресей билігі автозактарға дәретхана орнатуға уәде берді


Ресей полициясының арнайы көлігі - автозак.
Ресей полициясының арнайы көлігі - автозак.

Ресей билігі Еуропа кеңесіне қамалғандарды тасымалдайтын көліктерді кеңейтіп, оларға дәретхана мен желдеткіш терезе орнатуға уәде берді. Халықаралық ұйымның сайтында жарияланған Ресей әділет министрлігінің есебінде осылай жазылған.

Ресейдің жазаны өтеу қызметі 200 километрден астам қашыққа адам таситын көліктерге химиялық дәретхана орнатуды көздеп отыр, бұған қоса олар қамаудағы адамдарға су, тамақ беруге де уәде еткен. Бұл өзгерістің жүзеге асар мерзімі нақты айтылмайды, бірақ қазірдің өзінде Ресейдің төрт аймағында енгізілген делінеді.

2019 жылы Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Ресейде қамалғандарды тасымалдау шарттары кісінің қадір-қасиетін қорлайды әрі адамгершілікке жатпайды деп сынаған. Еуропа соты Ресейде тергеудегілер мен сотталғандарды жөнелтетін автозактар мен вагонзактарда тасымалдауды "зорлыққа" теңеген.

Бұдан соң Еуропадағы адам құқықтары соты бұл мәселелерді шешу үшін Мәскеуге уақыт берді. Сот Ресейден тасымалданатын адамдардың тамақтанып, су ішуіне, төсек жайма алуына және дәретханаға баруына мүмкіндік беруді талап етті.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Ресейде қамалған адамдарды басқа жаққа жөнелтерде оны полиция көлігіндегі көлемі 0,5 шаршы метрден аспайтын бітеу камераға қамайды. Бұл камера "стакан" деп аталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG