Accessibility links

АҚШ сенаты әр америкалыққа 1400 доллар көлемінде бір реттік жәрдемақы төлеу жоспарын мақұлдады


АҚШ президенті Джо Байден.
АҚШ президенті Джо Байден.

АҚШ сенаты коронавирус індетінен зардап шеккен азаматтары мен экономикасына көмек көрсету туралы заң жобасын қабылдады. Енді жүздеген миллион америкалық 1400 доллар көлеміндегі бір реттік жәрдемақы ала бастайды. Елдің жаңа сайланған президенті Джо Байден ұсынған көмек жоспарының жалпы құны – 1,9 триллион доллар. Бұл қаржының бір бөлігі вакцина өндірушілер мен дистрибьютерлерге қолдау ретінде жұмсалмақ.

Заң жобасы қабылданған соң Джо Байден Ақ үйде сөз сөйлеп, америкалық отбасылардың 85 пайызы бір реттік жәрдемақы алады деп айтты. Ал екі бала тәрбиелеп отырған, жылына 100 мың доллар табатын ерлі-зайыптыға 5600 доллар берілмек.

"Американы құтқару жоспары" деп аталып жүрген заң жобасын 100 сенатордың 50-і қолдады, 49-ы қарсы дауыс берді. Дауыс беруге қатысқан бірде-бір республикашыл сенатор Байден жоспарын қолдамады. Аляска штатының өкілі Дэниел Салливан жұма, 5 наурыз күні жерлеу рәсіміне байланысты Вашингтоннан кетуге мәжбүр болып, демократтар вице-президент Камала Харристің дауысына мұқтаж болмады дейді "Америка дауысы".

АҚШ парламентінің жоғарғы палатасында 50 республикашыл сенатор бар. Дауыс беру кезінде тепе-теңдік орнаса, вице-президентке дауыс беру құқығы беріледі.

Осылайша АҚШ үкіметінің кейінгі жылда экономиканы ынталандыруға бөлген қаражаты 6 триллион долларға жуықтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG