Accessibility links

Швейцарияда қоғамдық орында бурка киіп жүру жөнінде референдум басталды


Бурка киіп жүруге қарсы науқан аясында ілінген постер. Постерде "Экстремизмді тоқтат" деп жазылған.
Бурка киіп жүруге қарсы науқан аясында ілінген постер. Постерде "Экстремизмді тоқтат" деп жазылған.

Жексенбі, 7 наурыз күні Швейцарияда қоғамдық орында кісінің жүзін жасыратын киіммен жүруді тыю жөнінде дауыс беріп жатыр. Елде бар-жоғы отыз шақты әйел ғана бетін орамалмен бүркемелейді.

Бастама қолдау тауып, заң өзгерсе, наразылық акцияларында да бетті жауып жүруге тыйым салынады. Бірақ осы референдумның өтуіне ұйытқы болған науқан бастаманың ника немесе бурка секілді мұсылман әйелдердің киіміне бағытталғанын көрсетті. Әдетте мұндай киімді консервативті ұстанымдағы мұсылмандар киеді.

Ерекше жағдайлар да қарастырылған. Діни жоралғылар мен дәстүрлі карнавалдар кезінде рұқсат етіледі. Сондай-ақ денсаулық жағдайы да ескеріледі. Швейцарияда қазір коронавирус індетіне байланысты маска тағу міндетті.

Оңшыл партиялар көшелерге бетін қара орамалмен жапқан әйелдің бейнесін орнатып, дауыс берушілерді "экстремизмді тоқтату" шараларын қолдауға шақырып отыр.

Мәселе дін еркіндігі, қауіпсіздік, экономика және әйел құқықтары жөніндегі пікірталастардың тоғысында тұр.

Бұл шараға қарсылық білдірген Швейцария үкіметі бетін жауып жүретіннің көбі турист екенін, заңның Парсы шығанағындағы бақуатты туристер мен кәсіпкерлерді үркітуі мүмкін екенін айтады.

Бастаманы сынап отырғандар заңның діни құқықтарды бұзып, мұсылмандарды стигмалайтынын айтады. Басқалары мұндай заңның қажет емес, өйткені елде бар-жоғы отыз шақты мұсылман әйел ғана бетін жабады дейді.

Швейцария кантондарының бірі Санкт-Галленде бурка кию осыған дейін-ақ тыйым салынған. Жергілікті полиция заң іске қосылған екі жылдың ішінде ешқандай мәселеге тап болмағанын айтады.

Шараның жақтастары заң әйелдер құқығын қорғап, әйелдердің қоғамға интеграциялануына ықпал етеді дейді.

Мұның алдында қоғамдық орында бурка киюді Франция, Бельгия және Австрия елдері тыйған. Австрияда полиция орамал таққан әйелдерге харассмент жасаған бірнеше жағдай тіркелді.

8,6 миллион халқы бар Швейцариядағы тіке демократия жүйесі аясында референдумдар мен бүкілхалықтың дауыс беру бірнеше ай сайын өтіп тұрады.

Дауыс беруге кез келген 100 мың адамның қолдауын тапқан кез келген мәселені кіргізуге болады.

Швейцариялықтар мұнымен қатар электронды сәйкестендіру куәлігін енгізу және Индонезиямен сауда келісімі жөнінде дауыс береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG