Accessibility links

Грузияда премьер-министрдің "олигарх Иванишвилидің отбасына тәуелдігін" көрсететін аудиожазба жарияланды


Бидзина Иванишвилидің бизнес орталығы алдындағы наразылық. 7 наурыз 2021 жыл.
Бидзина Иванишвилидің бизнес орталығы алдындағы наразылық. 7 наурыз 2021 жыл.

Грузияның біріккен оппозициясы 7 наурызға қараған түні жарық көрген аудиожазбадан соң ел премьер-министрі Ираклий Гарибашвилидің дереу отставкаға кетуін талап етті. Жазба "Пирвели" дейтін оппозициялық телекомпанияның эфирінде жарияланды.

Жазбада рэпер Бера Иванишвилидің даусына ұқсайтын адам дауысы премьер-министр Ираклий Гарибашвилиге ұқсайтын адамнан әлеуметтік желіде әншіні сынайтын адамдарды жазалауды талап етеді.

Бера Иванишвили – билік басында отырған "Грузия арманы" партиясының негізін қалаушы, миллиардер Бидзина Иванишвилидің ұлы.

Аудиожазбадағы әңгімеге қарағанда, мұндай "бұйрықтардың" біразы орындалып үлгерген. "Тапсырманы" Гарибашвилидің жетекшілігімен миллиардердің күзетшілері орындаған. Рэперді "ренжіткендерді" кешірім сұрауға мәжбүрлеген. Бұл іске бұрын миллиардер Иванишвилидің күзетшілер тобын басқарған, қазір мемлекеттік күзет қызметіне жетекшілік ететін Анзор Чубинидзе де қатысқан.

Билік партиясы аудиожазбаны толықтай жоққа шығара алмады. Парламенттегі көпшіліктің жетекшісі Мамука Мдинарадзе бар болғаны жазбаның "түрлі кезеңдегі әңгімеден құралғанын", ол кезде Ираклий Гарибашвилидің саясатпен айналыспағанын айтты.

Ал оппозиция лидерлерінің бірі Гига Бокерия аудионың қай уақытта жазылғанына қарамастан қазіргі премьер-министр Ираклий Гарибашвилидің олигарх Иванишвилидің отбасына қаншалық тәуелді екенін көрсетеді дейді.

"Пирвели" эфиріндегі сенсациялық сюжет билік пен оппозиция тартысының ушыққан тұсында шығып отыр. Осының алдында ғана Грузияға Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишель келіп, тараптарды елде кезектен тыс парламент сайлауын өткізу жөніндегі келіссөздерді қалпына келтіруге шақырған.

Ақпан айында ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы Михаил Саакашвилидің партиясы "Бірыңғай ұлттық қозғалыстың" штаб-пәтеріне басып кіріп, партия төрағасы Никанор Мелияны қамауға алды. Оған 2019 жылы билікті күшпен басып алуға талпыныс жасау жөніндегі іс бойынша кепіл сомасын төлемеді деген айып тағылды. Осы оқиғадан кейін Грузияда саяси дағдарыс туды. Партия төрағасын қамауға алу туралы шешіммен келіспеген премьер-министр өз еркімен отставкаға кетіп, оның орнына Гарибашвили келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG