Accessibility links

"Stop Ханституция". Бішкекте жаңа Конституция жобасына қарсы митинг өтті


Қырғызстан Конституциясының жаңа жобасына қарсылық. Бішкек, 9 наурыз 2021 жыл.
Қырғызстан Конституциясының жаңа жобасына қарсылық. Бішкек, 9 наурыз 2021 жыл.

8 наурызда ондаған адам парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген Қырғызстанның жаңа Конституция жобасына қарсылық білдіріп, митинг өткізді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары жоба "билік бөлінісіндегі тепе-теңдікті жояды" деп сынаған.

Дүйсенбі күні демонстранттар заңсыз парламентті таратып, Негізгі заң жобасын қайтаруды талап етті. Акцияны "Конституцияга каршыбыз/Біз Конституцияға қарсымыз" қозғалысы ұйымдастырған. Наразылардың қолында "Stop Ханституция", "Парламентті тарату керек" деген жазуы бар плакаттар болған.

Өткен аптада парламент жаңа Конституция жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді.

Жобада президенттің өкілеті едәуір ұлғайған: ол атқару билігіне жетекшілік етіп, министрлер кабинетінің құрамы мен құрылымын анықтайды, президент әкімшілігі мен қауіпсіздік кеңесін жасақтап, оны басқарады. Президент сонымен бірге бас прокурор, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, жоғарғы және конституциялық сот, судьяларды да тағайындау құқығына ие. Өз бетінше референдум де белгілей алады. Заң шығару бастамасын көтере алады.

Өткен аптада халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы Қырғызстан Конституциясы "авторитар көршілеріне еліктеп, елдің саяси жүйесін өзгертуге тырысып жатыр" деп мәлімдеген.

Human Rights Watch (HRW) ұйымы Бішкекті жобаны кері қайтаруға шақырған. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жоба президентке депутаттарды қылмыстық қудаланбау иммунитетінен айыруға құқық береді. Бұл президенттің өзіне жақпайтын депутаттарға саяси қысым жасауына жағдай жасайды. Сонымен бірге бірнеше баптың адам құқығы бойынша халықаралық стандартқа қайшы екенін айтқан.

Human Rights Watch Қырғызстан билігі азаматтар мен сарапшылардың пікірлерін толық ескеріп, құжатты Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясына бағалауға жіберуі тиіс деп мәлімдеген.

Жаңа Конституция жобасы былтыр қазан айындағы тәртіпсіздік нәтижесінде түрмеден босап шыққан Садыр Жапаров билікке келгеннен кейін қолға алынған. Жапаров 2013 жылы қазан айында Қырғызстанның солтүстік-шығысында кенішті игеруге қарсылық кезінде адамдарды кепілдікке алды деп айыпталып, 10 жыл түрме жазасына кесілген еді. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

52 жастағы Жапаров 10 қаңтар күнгі кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жеткен. Халықаралық бақылаушылар сайлау кезінде негізгі еркіндік принциптері сақталды, бірақ тұтастай әділ өтті деп айту қиын деп бағалаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG