Accessibility links

ХОК Лукашенко ұлының өкілетін мойындамайды


Беларусь ұлттық олимпиада комитетінің жаңа сайланған презиеднті Виктор Лукашенко. 26 ақпан, 2021 жыл.
Беларусь ұлттық олимпиада комитетінің жаңа сайланған презиеднті Виктор Лукашенко. 26 ақпан, 2021 жыл.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Александр Лукашенконың үлкен ұлы – Виктор Лукашенконы Беларусьтің ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) жаңа президенті ретінде мойындамайды. Дүйсенбіде жарық көрген хабарламада осылай делінген.

Бұған қоса ХОК Беларусь ұлттық олимпиада комитеті атқару комитетінің мүшесі болып сайланған хоккей федерациясының президенті Дмитрий Басковтың да өкілетін мойындамайтынын мәлімдеді. Александр Лукашенкоға наразылардың айтуынша, оның белсенді Роман Бондаренконы өлтіруге қатысы болуы ықтимал.

Былтыр 11 қарашада саяси белсендіні әлдекімдер Минскідегі үйінің ауласында соққыға жығып, кейін ол ауруханада қайтыс болған. Осы оқиғаға байланысты Еуропарламент Беларусь билігін сынайтын қарар қабылдаған.

Виктор Лукашенко 26 ақпанда Беларусь ұлттық олимпиада комитетінің президенті болып сайланды. Елдің олимпиада ұйымын 1997 жылдан бері оның әкесі – Александр Лукашенко басқарып келген еді. Жаңа қызметке барған Виктор Лукашенко Беларусь президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі қызметінен босатылды.

Желтоқсанда ХОК Беларусьтің ұлттық олимпиада комитетіне біршама шектеу қойды, бұл шектеу сол кезде Беларусь ҰОК вице-президенті міндетін атқарған Виктор Лукашенкоға да қатысты болса керек. Сол жолы ХОК Беларусь олимпиада комитетін "өз спортшыларын саяси дискриминациядан қорғай алмады" деп айыптап, Александр және Виктор Лукашенконың биыл жазда Токиода өтетін Олимпиадаға қатысуына тыйым салған және Беларусь ҰОК-ін қаржыландыруды тоқтататынын хабарлаған.

Минскіде және Беларусьтің басқа қалаларында 2020 жылдың тамызынан бері президент сайлауының ресми қорытындысына наразылардың шеруі өтіп жүр. Биліктің мәлімдеуінше, сайлауда Александр Лукашенко алтыншы мәрте жеңіске жеткен. Наразылық кезінде ондаған мың адам ұсталып, қамалған. Ұсталғандардың арасында соққы алып, зорлыққа ұшырағандар да болды, бірнеше адам қаза тапты. Билікке қарсы саяси көзқарасын білдіргендер арасында белгілі спортшылар да бар. Олардың кейбірі осы оқиғадан соң биліктің қысымына ұшырағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG