Accessibility links

Түркияда Ресей елшісінің өліміне айыпталғандар өмірлік түрме жазасына кесілді


Өнер галереясында Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловқа шабуыл жасау сәті.
Өнер галереясында Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловқа шабуыл жасау сәті.

Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловтың өліміне қатысты айыпталған бес адам өмірлік түрме жазасына кесілді. 9 наурызда Анкара сотында айыпталушыларға үкім оқылды деп жазды Anadolu агенттігі. Дипломат 2016 жылы өнер галереясында көрменің ашылуы кезінде атып өлтірілген.

Билік елшіні Мевлют Мерт Алтынташ есімді адам тапаншамен атты деп мәлімдеді. Алтынташтың өзін арнайы жасақ оқиға кезінде атып өлтірген. Іс бойынша жалпы 28 айыпталушы бар. Алтауы ақталып, бірнешеуі сырттай сотталды. Қалғаны түрлі мерзімде түрме жазасын алды.

Тергеу органдарының болжамынша, қылмысты қазір АҚШ-та тұрып жатқан ықпалды діндар Фетхуллах Гюленнің жақтастары ұйымдастырған. Сот тергеу тарабының болжамын қолдады. Бұған дейін билік Гюленді 2016 жылы әскери төңкеріс жасауға тырысты деп айыптап, елдегі мыңдаған жақтасын қамаған. Ал Гюлен шабуылға қатысы жоғын айтады.

Дипломаттың жесірі Марина Карлова Би-би-си сайтының Орыс қызметіне берген сұхбатында шабуылға дейін күйеуіне кемінде төрт рет қоқан-лоқы жасалғанын айтқан. Кейінірек қосымша күзетпен қамтамасыз етілген.

Карлова тергеу орындары қылмысты ашты, нағыз ұйымдастырушыларын анықтады деп санамайды. "Бұл іс ашылады деп те санамаймын" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG