Accessibility links

Оралда митинг өткізуге рұқсат ала алмаған тұрғындар әкіммен кездесуді талап етті


Митинг өткізуге рұқсат сұрап, қала әкімімен кездесіп отырған белсенділер. Орал, 9 наурыз 2021 жыл.
Митинг өткізуге рұқсат сұрап, қала әкімімен кездесіп отырған белсенділер. Орал, 9 наурыз 2021 жыл.

Оралда он шақты тұрғын бейбіт митинг өткізуге рұқсат алу үшін қала әкімімен кездесуді талап етті. Үш күн бұрын жергілікті билік екі азаматтың митинг өткізу туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Әкімдік митинг өтетін күні басқа шара - "балалар әдебиеті күніне арналған мерекелік шара жоспарланғанын" алға тартқан.

Орынбай Оқасов, Бауыржан Әліпқалиев және тағы бірнеше адам өтініштері кері қайтарылғаннан кейін 9 наурызда Орал әкімдігіне келіп, қала әкімі Абат Шыныбековпен кездесуді талап етті.

— Олар 4 сәуірде Мәншүк Мәметова алаңында Балалар әдебиеті күніне орай шара өтеді деп өтінішті қанағаттандырмаған. Бірақ бүкіл әлемде Балалар әдебиеті күні 2 сәуірде - [дат жазушысы Ханс Кристиан] Андерсеннің туған күнінде атап өтіледі. Шараның неліктен 4-іне белгіленгені және біз атап көрсеткен орында жоспарланғаны белгісіз. Соны әкімнің өзінен және саяси мәселелер жөніндегі орынбасарынан сұрағымыз келген, — деді Бауыржан Әліпқалиев.

Блесенділер билік сондай "сылтаумен" митинг өткізуге кедергі жасауға тырысып жатыр деп санайды.

Әліпқалиевтің сөзіне қарағанда, белсенділер әкім мен оның орынбасарымен кездесе алмаған. Олардың алдына ішкі саясат жөніндегі бөлім бастығы Ербол Күшеков шыққанмен сұрақтарға жауап берместен ішке кіріп кеткен.

Жарты сағаттан соң биліктен жауап ала алмаған наразылар "Абат Шыныбеков, халыққа шық!" деп айқайлаған. Олар сонымен бірге билік өкілдерін ашықтыққа және адалдыққа шақырған. Оларға ішкі саясат жөніндегі бөлім қызметкерлері, әкім аппаратының өкілдері шығып, қала әкімінің қолы бос емес екенін айтқан. Кейінірек "бір сағаттан соң" Шыныбековпен кездесу ұйымдастыруға уәде берген.

Белсенділер әкімдікте шамамен 2 сағат күткен. Одан кейін наразылар залға шақырылып, ол жақта әкім Балалар әдебиеті күніне арналған шараның алдын ала жоспарланғанын, оны басқа күнге ауыстыра алмайтынын айтқан.

— Біз ақылдасып, ертең-ақ (10 наурызда - ред.) 3 сәуірде митинг өткізу туралы ескерту беретінімізді айттық. Әкім бізге ертесінде митинг өткізуге рұқсат беретінін айтты, — деді кездесу қорытындысына тоқталған Бауыржан Әліпқалиев.

"Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" заңға былтыр енген түзетулерге сәйкес, кез келген бейбіт шараны "ескерту арқылы" өткізуге болады. Митингілер мен шерулерді тек арнайы бөлінген жерлерде ғана өткізу керек. Оралда депутаттар митинг мен жиындар үшін - екі орын, шеруге бір орын белгілеген.

Былтыр Орал тұрғындары митинг және шеру өткізу туралы 20 шақты өтініш тапсырған. Бірақ бірде-бірін әкімдік қанағаттандырмаған. Билік көп жағдайда індетпен байланысты карантин шараларын алға тартқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG