Accessibility links

Путин жайлы фильм түсірген кинокомпания Мирзияев әкімшілігінен тапсырыс алды


Мирзияев туралы фильмнің шартты атауы - "Өзбекстан. Жаңа тарих".
Мирзияев туралы фильмнің шартты атауы - "Өзбекстан. Жаңа тарих".

2015 жылы Ресей президенті Владимир Путин жайлы деректі фильм түсірген ресейлік кинокомпания Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев жайлы фильм түсіру туралы тапсырыс алды. Тапсырыс қазан айына белгіленген президент сайлауы қарсаңында түсіп отыр.

"Узбеккино" кинокомпаниясының аты-жөнін атамаған қызметкері 8 наурызда Азаттықтың Өзбек қызметіне ресейлік "Мастерская" компаниясына тапсырыс берілгенін, жобаға президент әкімшілігінің төрағасы Зайнилобиддин Низомиддинов жетекшілік ететінін айтты.

"Мастерская" орталығының продюсері әрі негізін қалаушы, Қазақстанда туған Саида Медведева Өзбекстан астанасына өткен аптада келген. Мәскеуден Ташкентке кетер кезде ол ресейлік ақпарат құралдарына сапардың мақсаты - "үшінші рет Ренессансты" бастан кешіріп жатқан Өзбекстанның басшысы жайлы деректі фильм түсіру деп мәлімдеген.
Оның айтуынша, деректі фильмнің премьерасы 1 қыркүйекке жоспарланған.

Деректі фильмнің синопсисімен танысып көрген өзбек кинематографы Акмаль Ризаев оның 2015 жылы шыққан Путинді мадақтайтын фильмге өте ұқсас екенін айтады.

"Мастерская" - 2012 жылы Ресейде президент сайлауы қарсаңында жарық көрген фильмдер топтамасының авторы. Мысалы, орталық шығарған "2008 жылғы дағдарыс" атты фильмде Путин ғаламдық экономикалық құлдырау кезеңінде елді қиындықтан құтқаратын тұлға ретінде көрсетілген.

"Фильмнің негізгі мақсаты - Мирзияев басқаруын сакрализациялау, яғни оның сөзсіз көшбасшы екендігін көрерменнің бойына сіңіру. Фильмде Мирзияев халықтың жоғын жоқтап, пікірін тыңдап жүрген харизмаға толы көшбасшы ретінде бейнеленеді. Оған Мирзияев монологы да енгізілген. Фильмнің форматы - "халық" пен оның өзгермейтін басшысы Мирзияев" деді Ризаев.

Мирзиев өзіне дейін елді басқарған авторитар басшы Ислам Каримовтан кейін президенттікке келген. Бірінші президенттің қазасы жайлы ақпарат 2016 жылы 1 қыркүйекте жарияланды.

Мирзияев өзін реформатор етіп көрсетуге тырысады. Ол саяси тұтқындарды босатып, шамамен 32 млн халқы бар мемлекетті ашық етуге тырысқан, бірақ көптеген белсенділер елде түбірлі реформалар болмады деп атап өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG