Accessibility links

АҚШ пен Қытай саясаткерлері келесі аптада Аляскада кездеседі


АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары болып тұрған кездегі Энтони Блинкен Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен қол алысып тұр. Пекин, 2015 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары болып тұрған кездегі Энтони Блинкен Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен қол алысып тұр. Пекин, 2015 жыл.

АҚШ пен Қытайдың ресми тұлғалары келесі аптада Аляскада жоғары деңгейде келіссөз өткізеді. Бұл Джо Байден президенттікке келгелі бері әлемдегі ең ірі экономика иелерінің жоғары деңгейдегі алғашқы дипломатиялық кездесуі болмақ.

18 наурызда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джейк Салливан Қытайдың сыртқы саясат жөніндегі ірі дипломаты Ян Цзечи мен сыртқы істер министрі Ван Имен Анкориджде кездеседі. Бұл жөнінде Ақ үйдің 10 наурыз күнгі мәлімдемесінде айтылған. Байден әкімшілігі өзіне дейінгі Дональд Трамп әкімшілігінің Қытайға қатысты қатаң саясатын жалғастырады деген болжам айтылып жатқан шақта тараптар көптеген мәселелерді талқылайды.

Кейінгі кезде сауда дауы, Гонконгтегі демократиялық қозғалыстардың басып-жаншылуы, АҚШ геноцид деп атаған Шыңжаң аймағында мұсылман топтардың қудалануы, Қытай әскерінің Тайвань мен Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекеті мәселелері төңірегінде екі ел арасында жағдай ушығып кеткен. Бірақ Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына тосқауыл қою, Мьянмадағы әскери төңкеріске тойтарыс беру және ғаламдық климаттың өзгеруі мәселелерінде АҚШ Қытаймен әріптестік орнату жолдарын да іздейді.

"Пекиннің қимыл-әрекеттері АҚШ пен одақтастарының қауіпсіздігі, өркендеуі мен құндылықтарына қауіп төндіріп отыр. Сол себепті бұл біз үшін көптеген алаңдаушылықтарымызды ашық талқылайтын маңызды мүмкіндік" деді Блинкен 10 наурызда.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG