Accessibility links

СІМ өкілі: Консулдық алдындағы наразылыққа байланысты Қытай тарабына өтініш айтылды


Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған әйелдер. Алматы, 11 наурыз 2021 жыл.
Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған әйелдер. Алматы, 11 наурыз 2021 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Мұхтар Кәрібай Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық өткізіп жүрген азаматтардың мәселесін шешу бойынша Қытай жағына өтініш тапсырылды деп мәлімдеді. СІМ өкілі бұл сөзін 12 наурызда Нұр-Сұлтанда ақпарат құралдарына берген сұхбатында айтты. Жұма күні Алматыда туыстарын іздеген адамдар АҚШ-тың бас консулдығына барып, көмек сұрады.

- Сол пикетке байланысты бізге Қытай консулдығы тарабынан дипломаттардың өміріне қауіп төнгені, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмай жатқаны сияқты мәселелер бойынша жиі наразылық түсіп тұрады. Осыған орай Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мырза мен Қытай дипломаттары және біздің консулдықтардың қатысуымен арнайы жиын тағы өткізілді (нақты күнін айтпады - ред.). Сол кісілер күнде-күнде шыға бермес үшін оларды қабылдап, арыздары бойынша нақты бір шешім қабылдау жөнінде Қытай тарабына өтініш білдірілді, - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан сыртқы істер министрі мен орынбасарының Қытайға сапары, екі ел арасындағы консулдық талқылаулар кезінде де осы мәселелер талқыланған.

- "Бір мемлекет екінші бір мемлекеттің ішкі ісіне араласа алмайды" деген халықаралық құқық нормасы бар. Мұндай жағдайда көбіне сондай мәселелер туындайды. Бірақ соған қарамастан адамдарды жақындарынан ажыратуға болмайды деген сияқты халықаралық нормалар аясында мәселелерді шешуге тырысамыз. Енді барлық мүмкіндіктерді пайдаланып жатырмыз, - деді Мұхтар Кәрібай.

Оның айтуынша, осыған дейін Қытайдан орала алмай жатқан Қазақстан азаматтығын алған азаматтардың 90 пайыздан астамы оралған.

- Қазіргі уақытта туыстарымен қосыла алмай жатқан 5-6 адамның мәселесі бар. Олар - Қытай азаматтары. Енді кейбір ақпаратқа қарағанда олардың кейбірінің құқықбұзушылықтары бар деп айтылады. Сол себепті сол жақтың құқық қорғау органдары тарабынан тексеріліп, жазаланып жатқан болуы мүмкін. Сондықтан осы санаттағы адамдардың мәселесінің шешілуі ұзаққа баратын сияқты, - деді Мұхтар Кәрібай.

"Туыстарымен қосыла алмай жатқандардың саны 5-6 адамнан әлдеқайда көп деп айтылады, бұл турасында не дейсіз?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына "ол енді бейресми ақпарат болуы мүмкін" деді.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында бір айдан астам уақыттан бері бір топ адам Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, оларды елге қайтаруды талап етіп келеді. Осы уақыт аралығында консулдықтан оларға ешкім шыққан жоқ. Жергілікті әкімдік өкілдері "шараның заңсыз" екенін ескертіп, полиция бір-екеуін "митинг заңы" бойынша әкімшілік қамауға алған.

Қытай консулдығы алдында күн сайын пикет жасап жүрген азаматтардың бірнешеуі 12 наурызда АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығына барып, көмек сұрады.

"Бүгін біз туыстары Шыңжаңда ұсталып не хабарсыз кеткен қазақ отбасыларымен кездестік. Олардың бастарынан өткен жайттар қудалау үрейінсіз айтылуы керек, ал отбасылар бір-бірімен қайта табысуы тиіс" деп жазды АҚШ-тың Алматыдағы консулдығы кездесу жайлы Twitter парақшасында.

Жалпы осыған ұқсас наразылықтар мен сондай мәселе көтерілген жиындар елде соңғы бірнеше жыл бойы өтіп келеді. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG