Accessibility links

Жаңаөзен белсенділері митинг өткізуге тағы рұқсат ала алмады


Газ бағасын төмендетуді талап етіп келген жұрт әкімдік алдында тұр. Жаңаөзен, 10 қаңтар 2020 жыл.
Газ бағасын төмендетуді талап етіп келген жұрт әкімдік алдында тұр. Жаңаөзен, 10 қаңтар 2020 жыл.

Жаңаөзен қаласының әкімдігі азаматтық белсенділерге 16 наурызда қаладағы газ тапшылығы мен бағаның қымбаттауына қарсылық танытып, митинг өткізуіне рұқсат бермеді. Әкімдік жауабында "арыздың дұрыс жазылмағаны" көрсетілген.

Азаматтық белсенді Серік Бақтыбайұлының Азаттыққа мәлімдеуінше, олар әкімдіктің түзетулерін ескеріп, митинг өткізуге рұқсат сұрап, 12 наурызда қайта арыз тапсырған.

- Жаңаөзенде газ тапшылығы жылдан жылға созылып келе жатқан мәселе. Оның бағасы аспандап, [1 текше метрі] 60 теңгеге жетті. Жуырда мәжіліс депутаттары Самат Мұсабаев, Еділ Жаңбыршиндер аймаққа келіп, жеке кәсіпкерлермен кездесіп газ бағасын 60 теңгеден асырмаймыз деп келісіп кеткен. Біз оған қарсымыз. Біздің талабымыз газ бағасы 50 теңгеден аспасын, - дейді Серік Бақтыбайұлы.

Белсенділер талабына 11 наурыз күні жауап берген Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов "бейбіт жиналыстың аяқталатын уақыты, қатысуы мүмкін адамдар саны мен сіздің немесе өкіліңіздің хабарламада өз деректеріңізді жинауға келісіміңіздің көрсетілмеуіне және республикалық бас санитар дәрігердің халық арасында корновирустық инфекцияның таралуының тежеу мақсатындағы қаулысына сәйкес арызыңыз қанағаттандырылмайтынын мәлімдейміз" деп жазған.

Жаңаөзен қаласы тұрғындары 9 наурыз күні қала әкімдігінің алдына жиналып, газ бағасын арзандатуды талап етіп, наразылық білдірген. Бұл туралы видео жергілікті белсенді Нұрымбет Алланазаровтың Facebook-тегі жеке парақшасында жарияланған. Онда белсенділер Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаев пен энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың Жаңаөзенге келіп, газ тапшылығын жойып, бағаны 50 теңгеге тұрақтатуды талап еткен.

Жаңаөзен тұрғындары газ тапшылығы мәселесін алғаш рет көтеріп отырған жоқ. Бұл жағдай соңғы он шақты жылдан бері жалғасып келеді. Былтыр қаңтар айында да Жаңаөзен тұрғындары бірнеше мәрте әкімдікке жиналып, сұйытылған газ бағасының қымбаттағанына наразылық білдірген. Ол жолы да наразылар президент Тоқаевты Жаңаөзенге шақырған.

Кейін Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаров кәсіпкерлермен келіссөз жүргізгенін айтып, газ бағасын 50-ден асырмауға уәде берген еді.

  • Былтыр мамыр айында қабылданған бейбіт жиын туралы заңға сәйкес, азаматтар жергілікті билікке митинг өткізетінін алдын ала ескертуі тиіс. Жергілікті және халықаралық сарапшылар заң бейбіт жиын өткізу тәртібін жеңілдетпеді, ескі шектеулер бұрынғыша сақталып қалды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG