Accessibility links

Ақтөбеде 35 кәсіпкер Әзербайжанның жол салу компаниясынан тиісті ақшасын ала алмай жүр


Ақтөбе облысы Байғанин ауданында жол салған Әзірбайжанның "СПИК Аккорд" компаниясына техника жалға берген 35 кәсіпкер екі жылдан бері ақшасын ала алмай жүргенін айтады. Олар 12 наурыз күні наразылығын айтып, Ақтөбе облысы әкімдігіне барды.

Наразылардың бірі Манарбек Қаленов "СПИК Аккорд" компаниясымен 2018-2019 жылдар аралығында келісімшарт жасаған. Соның негізінде ол жол салушыларға КамАЗ көлігі мен жүк көтергіш техниканы жалға берген.

- "СПИК Аккорд" маған 7 млн теңге қарыз. 2019 жылдың тамызынан бері ертең-ертең деп алдарқатумен келеді. Жол салушыларға жалға берген техниканы несиеге алып едім. Бұл – бір-екі отбасының ғана проблемасы емес. Техника иелерінің басым көпшілігі несиесін төлей алмай қиналып жүр. Бұл іске облыс әкімдігінің араласуын сұраймыз, - дейді кәсіпкер Қаленов.

Байғанин ауданының тұрғыны Рахметолла Бақытовтың сөзінше, "СПИК Аккорд" оған 400 мың теңге қарыз. Жол құрылысына жауапты компанияға арнайы, ауыр техникасын жалға берген кәсіпкерлердің жалпы саны - 35 адам. Олардың сөзінше, "СПИК Аккорд" ақтөбелік кәсіпкерлерге 880 млн теңге берешек.

Байғанин ауданындағы 40 шақырым жолдың құрылысын Әзірбайжанның "ҚазақАвтоЖол" ұлттық компаниясы "СПИК Аккорд" компаниясына тапсырған. "ҚазақАвтоЖолдың" Ақтөбедегі өкілі Марат Махамбетовтің сөзінше, құны 8 млрд 970 млн теңгелік жол әлі толық аяқталмаған.

- Қарауылкелді мен Ноғайтының арасындағы екінші техникалық санаттағы 40 шақырым жол 2020 жылы салынып бітуі керек еді. Жол құрылысының 20 пайызы бітпей тұр. "СПИК Аккорд" қалған жұмысты биыл күз түскенше аяқтауға уәде беріп отыр. "СПИК Аккорд" компаниясының Бакудегі басшыларымен кездесіп, "ҚазАвтоЖол" қосымша келісім шарт жасады. Келісім шартқа сай компания жуық арада 1 млрд 285 млн теңге қарызын өтеуі тиіс. Кәсіпкерлерден жалға алынған техника ақысы да осы сомаға кіреді, - дейді Марат Махамбетов.

Кәсіпкерлер бұған дейін "ҚазАвтоЖол" компаниясының Ақтөбедегі өкілдеріне бірнеше рет келіп, шағым айтқан. Олар енді бұл дауға облыс әкімдігі араласуы керек деп санайды. Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың сөзінше, екі кәсіпкер арасындағы келісімшартқа атқарушы билік араласа алмайды. Бірақ әкімдік "ҚазАвтоЖол" компаниясына талап қойып, құзырлы органдарға хат жолдаған.

Азаттық "СПИК Аккорд" компаниясының Ақтөбедегі өкілдерімен байланыса алмады.

"ҚазАвтоЖол" өкілі Махамбетовтің мәліметінше, Әзірбайжан компаниясы Ақтөбе ғана емес, Алматы, Қызылорда облыстарында да автокөлік жолдарын салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG