Accessibility links

Қазақстанда Covid қайта күш алды. Бір күнде ПТР тесті оң шыққан 1049 науқас тіркелді


Жедел жәрдем көлігі.
Жедел жәрдем көлігі.

13 наурыз күні Қазақстанда ПТР тесті оң шыққан 1049 науқас тіркелді. Бұл туралы Коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналында хабарланды. Бұл – 9 ақпаннан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Ресми дерекке қарағанда, Алматыда коронавирус індеті қайта өрши бастаған. Қалада бір күнде 360 науқас тіркелген. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, Алматыда бір күнде бұрын-соңды мұншалық көп науқас тіркеле қоймаған. Қала бірнеше күн бұрын вирустың тарауы бойынша "қызыл аймаққа" кірген.

Аймақтар бойынша екінші жоғарғы көрсеткіш Нұр-Сұлтан үлесінде. Қалада бір күнде 173 науқас тіркелген. Бұл – 24 қаңтардан кейінгі ең үлкен көрсеткіш. Сол күні 211 науқас тіркелген.

Тәулік ішінде 595 науқас жазылып шыққан.

Осылайша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастардың жалпы саны 223 720 адамға жетіп отыр. Оның 206 149­-ы жазылған, 2851-і қайтыс болған. Коронавирустан көз жұмғандардың бұл статистикасына вирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге себептен қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған.

Қазақстанда бұдан бөлек ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебі де жүргізіліп келеді. 12 наурыздағы дерекке қарағанда, 1 тамыздан бері барлығы 49 801 науқас тіркелген, оның 653-і қайтыс болған.

Коронавирус пневмониясы есебінің жүргізілуі індет өршуінің шарықтау шегінен кейін басталды. Елде 2020 жылғы маусым-шілде айларында ауруға шалдыққандар күрт артып, денсаулық сақтау мекемелері түскен жүкті көтере алмай қалды, дәріханаларда тапшылық орнап, олардың алдында ұзын-сонар кезектер пайда болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2020 жылы бір шілденің өзінде 152 мыңдай адам пневмониямен тіркелді. Оның нешеуі коронавирусқа ұқсайтын пневмония екені айтылмады, бірақ ешқайсысы 1 тамыздан кейін ғана басталған есепке кірмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG