Грузияның жікшіл аймағы Оңтүстік Осетияның де-факто парламенті жаңа премьер-министрді сайлап, алты айға созылған оппозиция бойкоты мен саяси дағдарысты аяқтады.
12 наурыз күні Оңтүстік Осетияның де-факто президенті Анатолий Бибилов парламент қолдауына ие болған Геннадий Бекоевті аймақтың де-факто премьер-министрі етіп бекітті.
Мәскеу қолдауына ие жікшіл аймақ былтыр тамызда алдыңғы үкіметтің отставкаға кетуімен саяси тығырыққа тірелген. Үкіметтің отставкаға кетуіне 28 жастағы жігіттің полиция абақтысында алған жарақаттан қайтыс болуынан туған наразылық себеп болды. Наразылық кезінде оппозиция Бибиловтың отставкаға кетуін талап еткен. Қыркүйек айында оппозиция депутаттары де-факто парламентке бойкот жариялап, жаңа үкіметті мақұлдауға қажет кворумнан айырды.
Саяси шиеленіс 12 наурыз күні бойкот жариялаушы 14 депутаттың парламент сессиясына қатысуымен шешімін тапты. Құпия дауыс беру кезінде 19 депутат Бекоевті қолдап шықты, 11 депутат қарсы дауыс берді, біреуі қалыс қалды. 39 жастағы Бекоев осыған дейін де-факто премьер-министрдің орынбасары және экономика министрі болды.
Ресей 2008 жылы Грузиямен болған әскери қақтығыстан кейін Оңтүстік Осетияны және Грузияның тағы бір жікшіл аймағы Абхазияны тәуелсіз мемлекет деп таниды. Кремль бақылауындағы санаулы елдерді қоспағанда, бұл екі аймаққа әлем елдері тәуелсіз ел деп қарамайды.
ПІКІРЛЕР