Accessibility links

Германиядағы аймақтық сайлауда Меркель қарсыластары жеңіске жетті


ХДО жетекшісі Армин Лашет.
ХДО жетекшісі Армин Лашет.

Германияның оңтүстік-батысындағы Рейнланд-Пфальц аумағында жер парламенті сайлауында Германия социал-демократиялық партиясы (ГСДП) жеңіске жетті. Оның мүшесі 60 жастағы Малу Драйер бұл аумақта атқару билігін 2013 жылдан бері басқарып келеді.

Бұған қоса, Баден-Вюртембергтегі жер парламенті сайлауында 72 жастағы аумақтың премьер-министрі Винфрид Кречман да жеңіске жетті.

Екі федералдық аумақтағы аймақтық сайлаудың нәтижесі күзде өтетін бундестаг сайлауына ықпал етуі мүмкін.

Сарапшылардың көбі Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық одағы (ХДО) жеңіліске ұшырайды деп болжаған. ХДО жалпыұлттық сауалнамада алда келеді, бірақ Баден-Вюртембергте олардан гөрі – "Жасылдар" партиясы, ал Рейнланд-Пфальцеде социал-демократтар танымал

Көптеген сайлаушылардың федералдық үкіметтің індетпен күресіне көңілі толмайды. Жақында ХДО-ның екі мүшесінің медициналық маска сатып алу бойынша жарияланған тендермен қатысты жемқорлық дауына ілігуі де сайлаушылардың наразылығын арттырған.

Егер ХДО сайлау кезінде аталған екі аймақта төмен көрсеткіш көрсетсе, бұл партия басшысы Армин Лашетті канцлер қызметіне ұсынуға кедергі болмақ. Оған балама кандидат ретінде партияның бавариялық өкілі Маркус Зедердің де есімі аталады.

Жалпыұлттық сауалнамада танымалдық жағынан екінші орында тұрған "Жасылдар" партиясының Баден-Вюртембергтегі сәттілігі оларға бундестаг сайлауындағы кампаниясын сәтті бастауға мүмкіндік береді. Партия тек үкімет құрамына еніп қана қоймай, мүшелерін канцлерлікке ұсынатынын да айтып отыр. "Жасылдар" – "Солтүстік ағыс – 2" газ құбыры жобасына ашық қарсылық білдірген елдегі жалғыз партия.

Германия үкіметін 16 жыл бойы басқарған Ангела Меркель күздегі сайлауға қатысуға ықылас білдіріп отырған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG