SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран тасығышы байланыс үшін қолданылатын Starlink-тің ондаған спутнигін орбитаға шығарды. SpaceX компаниясы бұған қоса, 9 рет ұшырылған зымыранын 9-рет қондырып, кезекті рекордқа қол жеткізді деп жазды "Америка дауысы" сайты.
Екі сатылы зымыран жексенбі күні таңертең Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш айлағынан ұшырылған. 9 минуттан соң ұзаққа жарамды зымыранның алғашқы сатысы Атлант мұхитындағы ұшқышсыз платформаға келіп қонған.
Бірнеше күн бұрын өзге Falcon 9 зымыран тасығышы Канаверал мүйісіндегі көрші айлақтан әуеге көтерілген болатын.
Екі зымыран да Starlink-тің 60 спутнигін орбитаға шығарған. Осылайша SpaceX-тің 1440 аппараттан құралатын спутниктер тобын құрастыру туралы амбициялық мақсатының орындалуын жақындата түскен.
ПІКІРЛЕР