Accessibility links

Қазақстан 2020 жылы коронавирустан қайтыс болған 938 марқұмды ресми статистикаға қоспаған


Коронавирустан қайтыс болғандардың зираты. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 25 мамыр 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандардың зираты. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 25 мамыр 2020 жыл.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылы 1 наурыз - 31 желтоқсанда коронавирус жұқтырған 938 марқұмды "басқа дерттен қайтыс болды" деп ресми статистикаға қоспаған. Бұл туралы министрліктің Азаттыққа берілген ресми жауабында айтылады.

Ресми статистикаға енбей қалғандар мына аймақтарда:

  • Солтүстік Қазақстан облысы – 130
  • Қостанай облысы – 128
  • Шығыс Қазақстан облысы – 117
  • Павлодар облысы – 85
  • Қарағанды облысы – 75
  • Қызылорда облысы – 74
  • Жамбыл облысы – 62
  • Ақмола облысы – 53
  • Алматы облысы – 45
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 42
  • Батыс Қазақстан облысы – 39
  • Алматы қаласы – 39
  • Түркістан облысы – 19
  • Шымкент қаласы – 13
  • Атырау облысы – 6
  • Маңғыстау облысы – 6
  • Ақтөбе облысы – 5

Қазақстан былтыр сәуір айында коронавирус жұқтырған кейбір марқұмдарды "өліміне басқа дерт себеп болды" деп өлім статистикасын басқаша есептей бастаған. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі арнайы комиссияның коронавирус жұқтырып, артынан қайтыс болғандардың өлім себебін – науқастың көз жұмуына Covid инфекциясының тікелей ықпал еткенін-етпегенін – анықтайтынын мәлімдеді. Келесі айда коронавирус ілеспе диагноз болған бес өлім тіркелгені белгілі болды.

Бір айдан соң, 25 мамыр күні Азаттық Алматы қаласы Қараой ауылының шетіндегі коронавирустан қайтыс болғандарға арналған зиратқа барып, онда 32 адамның жерленгенін әшкере қылған. Ол уақытта ресми статистика бойынша, Алматы қаласында коронавирустан 10 адам ғана қайтыс болған. Ал Алматы облысында кісі өлімі тіркелмеген.

Алматыда вирустан қайтыс болғандар - 10 адам. Қалған 22 қабір қайдан келді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса, қайтыс болған адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, басқа ауруының барына қарамастан Covid өлімі статистикасына қосуға кеңес берді.

Бірақ Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ кеңесіне құлақ аспай, жұқпалы індет ілеспе диагноз болып көрсетілген өлім дерегін коронавирустан қайтыс болғандардың статистикасына қоспады. Ал "ілеспе диагноз" болған жағдайлардың дерегін күн сайын жарияламай, тек журналистік сауал жолданға кезде ғана хабарлап отырды.

Маусымның басында "ілеспе диагнозбен" 37 өлім, 23 шілде күні 319 өлім, 24 тамыз күні 556 өлім, 15 қазан күні 672 өлім тіркелгені хабарланды.

1 қаңтардағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирустан 2,8 мыңға жуық адам қайтыс болған.

  • Қазақстанда коронавирус жөніндегі ресми статистикаға күмән келтіретіндер көп. Сарапшылар билік індеттің шынайы ауқымын жасыруға тырысты дейді. Былтыр маусымның басында Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екіге бөліп, симптомы жоқтарды коронавирус статистикасына қоспайтын болды. Бір айдан соң бұл тәжірибесінен бас тартып, симптомсыз науқастардың санын жалпы статистикаға қосты. Статистиканың не себепті бұлай құбылғанын түсінбеген халықаралық ұйымдар Қазақстанды індет ең қатты тараған елге жатқызды.
  • Бұдан бөлек, барлық белгілері бойынша коронавирус ауруына ұқсайтын, бірақ ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен жағдайлар саны күрт артты. ДДСҰ ондай науқастарды да коронавирус статистикасына қосу қажеті айтқанымен, Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі ұйым кеңесіне тағы құлақ аспады. Ал маусым-шілде айларында ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмониямен тіркелген науқастар саны күрт артты. 1-8 шілде аралығында елде 56 809 адам пневмониямен тіркелсе, оның 39 702-сінде ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған. Бірақ олардың ешқайсысы коронавирус статистикасына қосылмады.
  • Халықаралық және жергілікті мамандардың қысымынан кейін шілденің ортасында Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясының дерегін Covid статистикасына қосатынын, бірақ оны 1 тамыздан бастайтынын мәлімдеді. Бірақ 2 тамыз күні коронавирус пневмониясының дерегі жеке жарияланып, оның коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға біріктірілмейтіні белгілі болды. Бұл уақытта пневмония індетінің беті қайтқан болатын. Осы күнге дейін коронавирус пневмониясымен барлығы 49810 науқас тіркелген. Оның 655-сі қайтыс болған.
  • Ал вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар бойынша, барлығы 224 731 адам тіркелген. Ресми түрде оның 2856-сы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG