Accessibility links

Шымкентте "жалдамалы баспана әділ бөлінбеді" деген жастар әкімнің шығуын талап етті


Баспана мәселесімен наразылық білдірген жастар. Шымкент, 15 наурыз 2021 жыл.
Баспана мәселесімен наразылық білдірген жастар. Шымкент, 15 наурыз 2021 жыл.

15 наурызда Шымкентте жиырма шақты жас "жергілікті билік сатып алу құқығынсыз бес жылға жалға берілетін пәтерлерді әділ бөлмеді" деп әкімдікке келіп, наразылық білдірді. Олар қайта конкурс өткізуді сұрап, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті.

Жалдамалы баспана алуға үміткерлердің бірі Ұлжалғас Әлімқұлова қалалық тұрғын үй басқармасы конкурсты әділ өткізбеді деп шағымданды.

- 16-17 балл жинағандар пәтер алған, 26 балл жинаса да, жеңімпаздардың қатарына ілінбегендер бар. Жеке кәсіпкермін. Конкурстан үйленбеген жастар өтіп кетті. Бала-шағасымен баспанасыз жүрген мен сияқты жастар қалып қойды, - дейді ол.

Наразылардың бірі Думан Төлеев комиссияның "баллың төмен" деген уәжімен келіспейтінін айтады. Ол "үшінші баласы мен керекті жүз мамандық қатарына кіретін мамандығы үшін берілетін 10 баллды қоспай қойғанына" қапалы.

Наразы топ "конкурстан өткен 300 адамның құжаты қайта қаралсын, олардың құжаттары, жинаған баллы біздің көзімізше есептелсін" деп, қала әкімі Мұрат Әйтенов шығуын талап етті.

Әкім жиналғандардың алдына шықпады. Оларды қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбаев қабылдады. Білісбаев әрбір наразының арызын қабылдап, тұрғын үй басқармасына жеке-жеке тексеруді тапсырғанымен, оның жауабына жиналғандар қанағаттанбай тарады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қаңтардың соңында жастар арасында сатып алу құқығынсыз пәтерді жалға алуға өтініш қабылданған. 300 пәтерді алу үшін 3648 адам өтініш білдірген. Оның 696-сы комиссия қарауына ілінген. Қалғанының өтініші түрлі себеппен кері қайтарылған.

Шымкент әкімдігі тағайындаған сатып алу құқығынсыз бес жылға жалға пәтер беру бағдарламасының конкурс нәтижесі балл жүйесімен есептеледі.

Әкімдік 29 жастан асқан, қалада тұрақты тіркеуде тұрғанына 2 жыл толмаған; табыс көзі 40 айлық есептік көрсеткішке (115 мың теңге) жетпеген үміткерлердің өтініші қабылданбағанын айтады.

Қазақстанда жастар мен көп балалы отбасылар арасында баспана ең өзекті мәселелердің бірі. Билік әр жылдары баспана мәселесін шешуге түрлі бағдарламалар қабылдағанымен, сарапшылар баспана бағдарламаларында пайыздық үстеме көп, сондықтан тиімділігі аз дейді. Елде көп балалы әйелдер, табысы аз отбасылар баспана мәселесін шешуді талап етіп, әкімдік пен министрліктерге жиі барады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG