Accessibility links

Өзбекстанда жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады


Өзбекстан сенаты жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды қарастыратын заң жобасын мақұлдады. Қылмыстық кодекстің 244-бабында ("Жаппай тәртіпсіздік") билік өкілінің заңды талабына бағынбауға жария түрде шақыру, жаппай тәртіпсіздік пен азаматтарға күш қолдану туралы жаңа тармақ пайда болады.

Сондай әрекет жасағандарға 100-300 базалық есептік көрсеткіш (1 базалық есептік көрсеткіш – 245 мың сом немесе 23 доллар) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін немесе екі жылға дейін қоғамдық жұмыс істеуге міндеттелуі немесе 3-5 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.

Ал егер мұндай әрекеттер "топпен алдын ала келісіліп жасалса" және ақпарат құралдары, интернеттің көмегі пайдаланылса, айыппұл көлемі (300-400-ге дейін базалық есептік көрсеткіш) мен түрме жазасы (5-10 жыл аралығында) көбейеді.

Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске арнайы түзетулер енгізілген. Заңнаманы орындамауға жария түрде шақыру әрекеті үшін 60-80 базалық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.

Түзетулерге сәйкес, сайт иелері мен блогерлер жаппай тәртіпсіздік пен күш қолдану, митингіге шақыратын ұрандардың жариялануына жол бермеуі тиіс. Бұған қоса, жалған ақпарат, қоғам, мемлекет пен мемлекеттік символдарға құрметсіздік көрсететін ақпараттардың да кетіп қалмауын қадалағауы тиіс.

Сенат сайтындағы мәлімет бойынша, бұл заң жобасы "жаппай тәртіпсіздіктің алдын алуға" және қоғамға қауіп төндіретін жалған ақпараттың тарамауына мүмкіндік береді.

Заң жобасы авторларының пайымдауынша, құқықтық мәдениеттің төмендігі конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру немесе соғысты насихаттау ықтималдығын арттыра түседі. Сол себепті ақпарат иелері сөзі мен әрекетінің салдарына жауап беруі тиіс деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG