Accessibility links

Сәтбаевтағы тәртіпсіздік: Судья істі жабық өткізуге келіспеді


Сәтбаевтағы тәртіпсіздік кезінде өртенген көліктер.
Сәтбаевтағы тәртіпсіздік кезінде өртенген көліктер.

Қарағанды облысында екі аптадан соң Сәтбаев қаласында кішкентай баланы зорлау оқиғасынан кейін шыққан жаппай тәртіпсіздікке қатысты сот жалғасты. Күдіктілердің жартысына төбелеске қатысты; үйлерді қиратып, өртеді; полицияға дөрекілік көрсетті деп айыпталған. Адвокаттардың көбі қорғауындағы азаматтардың үйлерді қиратпады, полицияға күш көрсетпеді деп есептейді.

Прокурорлар жаңа айыптау актісін ұсынды. Оған сай, сот енді Сәтбаевтың 55 тұрғынының үстінен жүреді (бұған дейін 54 адам айыпталушы болған). Тағы екі күдіктіге іздеу жарияланған. Сейсенбідегі сотта адвокаттар бірнеше шағым түсірді. Прокурорлар жаңа айыпты әлі оқымады.

Екі айыпталушы сотта жабық өткізуді сұрады. Олар жеке бас деректерінің, оқиғаның жай-жапсары ашылғанын қаламайды. Осы тұста адвокаттардың пікірі екіге жарылды. Бірі істің ашық өткенін, енді бірі жабық болғанын қалады. Тағы бір тобы мұны “судьяның қарауына қалдырды”. Судья бұл өтінішті қанағаттандырмаған соң сот ашық өтетін болды.

Сотта адвокаттар кейбір полицейлер ешқандай жарақаттанбаса да жәбірленуші болғанына наразылық білдірді.

Сот Қарағандыдағы тергеу изоляторында өтіп жатыр. Адвокаттар мен айыпталушылардың көбі сотқа осы жерден қатысып отыр. Ал прокурор, тағы бірнеше айыпталушы мен жәбірленушілер Сәтбаевтан қосылды. Адвокаттар соттың бұлай өтуі әділ үкім шығаруға кедергі келтіреді деп, облыстық сот пен жоғарғы сотқа шағымданған. Олар прокурор, судья және айыпталушылардың бәрі бір залда отыруы тиіс деп санайды.

55 айыпталушының ішінде алты әйел, екі кәмелетке толмаған жас бар. Сондықтан істі Қарағанды облыстық кәмелетке толмағандар ісін қарайтын мамандандырылған қылмыстық сот қарап жатыр.

Істе барлығы 63 жәбірленуші бар. Оның 50-і полицей (жаппай тәртіпсіздікте жарақаттанған, көлігі бүлінгендер), 13 тұрғын және біреуі заңды тұлға – полиция департаменті.

Былтыр 24 шілдеде Сәтбаев қаласында тұратын 62 жастағы ер адам кішкене қызды ұрлап әкетіп, зорлады деген ақпараттан соң түнде жаппай тәртіпсіздік болған.

Жоғалып кеткен қыз 62 жастағы ер адамның үйінен табылған. Осыдан соң үйдің ауласына адамдар жиналып, ер адамды жазаламақ болды. Полиция күдікті адамды полицей формасын кигізіп, үйден алып кетті дегенді естіген ондаған адам бөлімшеге барып, ғимаратын қиратып, көліктерді өртеген.

Кейін 62 жастағы күдікті тергеу изоляторында асылып қалған. Қазір екі тұрғын – ерлі-зайып “адам ұрлады”, “зорлады” және “жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады” деген күдікпен қамауда отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG