Accessibility links

Францияда әзербайжандық блогерді пышақтап кеткен


Әзербайжандық блогер Мұхаммед Мирзали.
Әзербайжандық блогер Мұхаммед Мирзали.

Журналистерді қорғау комитеті Францияның Нант қаласында Әзербайжанның оппозициялық блогері Мұхаммед Мирзалиге жасалған шабуылды мұқият зерттеуге шақырды. Халықаралық үкіметтік емес ұйым француз билігі шабуылды мұқият зерттеп қана қоймай, Францияны паналаған блогерлер мен журналистерге пікірін ашық айтуларына жағдай жасауы тиіс деп мәлімдеді.

14 наурызда блогерге бірнеше адам шабуыл жасаған. Белгісіз адамдар оған кемінде 16 рет пышақ сұғып, қашып кеткен. Шабуылдаушылар оның тілін кесуге де тырысқан деген ақпарат бар. Ол жағдайы ауыр күйде ауруханаға жеткізілген. Мирзалидің Германияда тұратын досы блогердің шабуыл болмай тұрып полицияны ескертіп үлгергенін айтқан. Шабуыл болмай тұрып екі күн бұрын блогердің Youtube арнасында Бакудің шетелдегі оппоненттерін қудалап жатқаны жөнінде материал жарияланған.

Мирзали Әзербайжан үкіметін жиі сынаған. Оның Youtube арнасында шамамен 265 мың жазылушысы бар. 2018 жылы ол әлеуметтік желіде елдегі кезектен тыс президент сайлауына арналған "Диктатор жайлы айтамыз" атты қарсылық кампаниясын өткізген. 2020 жылы блогер әзербайжан шенеуніктерінің өзіне қоқан-лоқы жасап, қастандық ұйымдастырғанын айтқан. Оның алдында Бакудің оның отбасы мүшелерін қудалап жатқаны хабарланды.

Шабуылдан үш күн өткеннен кейін блогер есін жиып, аурухана палатасынан тікелей эфирге шыққан.

Әзербайжан халықаралық баспасөз еркіндігі рейтингісінде 180 елдің арасында 168-орында тұр. Президент Ильхам Әлиев елді 2003 жылдан бері басқарып келеді. Оған дейін оның әкесі елді 20 жыл басқарған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG