Accessibility links

Полиция Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрағандарды консулдыққа жібермеді


Шыңжаңдағы туыстарына араша сұраған әйелдер мен Қытай консулдығына апаратын жолды бөгеп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 19 наурыз 2021 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарына араша сұраған әйелдер мен Қытай консулдығына апаратын жолды бөгеп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 19 наурыз 2021 жыл.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына араша сұраған бір топ адамның наразылық өткізіп жатқанына 40 күн болды. Апта басынан бері полиция оларды консулдық алдына жібермей келеді, сондықтан аталған топ ғимараттан шамамен 30-40 метр жерде наразылықтарын жалғастырып жатыр.

– Наразылық өткізіп жатқанымызға 40 күн өтті. Ешқандай өзгеріс жоқ. Аяз болды. Аяғымыздан су өтті. Денсаулығымыз нашарлады. Мысалы, Халида апаның үш ұлы Қытайда қамауда болғандықтан үйінде тыныш жата алмайды. Ішіндегі мұң-зарын осы жерге келіп шығарады. Бірақ қан қысымы көтеріліп, құлап жатады. Бірақ қандай қиындықтар болмасын, біз мойымаймыз, – деді Гүлнұр Қосдәулетқызы жұма күні Азаттық тілшісіне.

19 наурызда консулдық маңындағы наразылыққа 8 адам жиналды. Олардың қолында Қытайдың Шыңжаң аймағында "негізсіз сотталды, қудаланды", "із-түзсіз жоғалды" немесе "құжатынан айырылып, Қазақстанға өте алмай отыр" делінген ондаған адамның суреті бар плакаттар болды.

– Қытай елшісі Чжан Сяо Қазақстанның ресми орындарына біздің адамдарды "қылмыскер" деп атап, сұхбат береді. Құдды біз қылмыскерлерді іздеп жүргендей әсер қалдырады. Олардың қылмысы бар болса, билік бізге дәлелдесін. Ең ауыр тиетіні – үкіметіміздің полициясы жолымызға кедергі болып, өткізбей тұрғаны. Бұдан асқан қорлық жоқ шығар, – дейді Фарида Қабылбек.

Жұма күні мұнда оларды консулдық жаққа өткізбей тұрған полициядан бөлек, жергілікті әкімдік өкілі және жедел жәрдем қызметкерлері болды.

Бұған дейін полиция Алматы қаласының коронавирус бойынша "қызыл аймаққа" өткенін айтып, наразыларды консулдық маңына жібермеген болатын.

40 күндік қарсылық. Қытай консулдығы алдындағы акция қалай өтіп жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

Өткен аптада Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Шыңжаңда қамалған қазақтардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "заң бұзғанын" айтқан еді. Оның алдында Қазақстан сыртқы істер министрлінің өкілі "консулдық алдында пикет жасап жүргендердің мәселесін шешу бойынша Қытай тарабына өтініш жасалды" деп мәлімдеген. Дегенмен Қазақстан СІМ Қазақстан мен Қытай арасында "туыстарымен қосыла алмай жүрген 5-6 адамның мәселесі ғана бар" екенін айтқан. Ал наразылардың айтуынша, Қытайда "негізсіз айыптармен" қамалған немесе сотталған, Қазақстанға келе алмай отырғандар одан әлдеқайда көп.

Бір апта бұрын бұл азаматтарды АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығы қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG