Accessibility links

Семей мәслихаты жаңа даңғылға Назарбаев есімін беруді қолдады


Қарағайлы ықшамауданы.
Қарағайлы ықшамауданы.

Семей мәслихаты қаладағы Қарағайлы деп аталатын жаңа ықшамаудандағы даңғылға бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев есімі беруді қолдады. Бұл туралы жұма күні Semey News сайты хабарлады.

Сайттың жазуынша, 19 наурызда қала әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, онда Қарағайлы ауданындағы жаңа даңғылға бірінші президенттің есімін беру мәселесі талқыланған. Сессия барысында мәслихат көшені Назарбаев деп атау туралы шешімді бекіткен. Енді түпкілікті шешімді Республикалық ономастикалық комиссия шығарады.

Semey News-дің жазуынша, бұрын жаңа даңғылдың атауы жоқ болған. Көшенің ені – 40 метр, ұзындығы – 950 метр, ал ғимараттарды есептегенде ұзындығы екі шақырымнан асады. Көше Семей-Павлодар автожолынан басталады, оның бойында Назарбаев зияткерлік мектебі, мәдени-спорт кешені, көп қабатты тұрғын үйлер, балабақша орналасқан. Қала басшысы алдағы уақытта аталған көшеге жарық орнатылып, қоғамдық тамақтану орындары, ойын алаңдары, серуендеу орындары ашылатынын айтқан.

Осы аптада Семей қалалық мәслихаты әлдебір "бастамашыл топтан" Назарбаевтың мемлекет құрудағы еңбегін ескеріп, спорт кешені мен көшеге елбасының атын беру туралы хат келгенін хабарлаған. Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай 18 наурызда Назарбаевтың өзі бұл ұсынысқа қарсы екенін айтқан.

Кейбір жергілікті белсенділер ұсынысқа қарсы екенін жеткізіп, билікке хат жазған.

Қазақстанда көшелерден басқа, астанадағы халықаралық әуежай, университет, мектептер, спорт мекемелері Назарбаевтың атымен аталады. Бірнеше қалада бірінші президент саябағы, астанада бірінші президент кітапханасы, бірінші президент мұражайы мен Назарбаев орталығы бар. Бұған қарсы азаматтар елде Назарбаевтың жеке басына табыну қалыптасқанын, бұрынғы президент отставкаға кеткенімен, кең құзыреті мен мемлекеттік аппаратқа ықпалын сақтап қалғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG