Accessibility links

Байден Путиннің "тікелей эфирге" шақырған ұсынысына жауап берді


АҚШ президенті Джо Байден
АҚШ президенті Джо Байден

АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путинмен "әйтеуір бір уақытта" міндетті түрде сөйлесетінін айтты. Бейсенбіде Путин Байденге "тікелей эфирде" сөйлесу туралы ұсыныс тастаған еді, Bloomberg агенттігінің тілшісі АҚШ президентінен осыған қатысты пікір сұраған.

Байденмен "іс жүзінде тікелей эфирде, онлайн" сөйлесуге әзірмін деген Путин жұма, 19 наурызда, болмаса, 22 наурызда тілдесе алатынын, ал демалыста "тайгаға" кететінін жеткізген.

Путин мәлімдемесінен бір күн бұрын АВС телеарнасының эфирінде Байденмен сұхбат жарық көрді. Онда "Путинді "қанішер" деп санайсыз ба?" деген журналист сұрағына ол "иә" деп жауап берген.

Байденнің бұл сөзі Ресейде көп пікір тудырды, жоғары лауазымды тұлғалар АҚШ президентінің атына қатты сын айтты. Ал Ресей сыртқы істер министрлігі Вашингтондағы елшісін кеңесу үшін кері шақырып алды, бірақ бұл әрекеттің "қанішер" деген мәлімдемемен қатысы бар-жоғын ашық айтпады. Байденнің сөзіне қатысты пікір айтқан Путин АҚШ президентіне зор денсаулық тілеп, "Біреуді даттаған адамның өзі сондай" деген балалар қағытпасын еске салды.

Журналистер Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтан "Путиннің Байденді тікелей эфирге шақыруы нені білдіреді?" деп сұраған. Оның айтуынша, Ресей президенті дебатқа шақырмаған, тек видеобайланысқа шығуды ұсынған.

Байден қаңтарда президент қызметіне кіріскен соң көп ұзамай АҚШ пен Ресей басшылары телефон арқылы сөйлесіп, көп мәселені уағдаласқан. Сұхбат кезінде Байден Ресей басшылығының кей әрекетін, соның ішінде "АҚШ-тағы сайлауға араласуы" және Алексей Навальныйдың улануы мәселелерін сөз еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG