Accessibility links

Австралияда кейінгі 50 жылдың ең қуатты су тасқыны болды. Ғимараттар бүлініп, адамдар көшіп жатыр


Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы су тасқыны. 20 наурыз 2021 жыл.
Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы су тасқыны. 20 наурыз 2021 жыл.

Австралияның шығыс жағалауындағы нөсер жауын кей аудандарда кейінгі жарты ғасырдағы ең ірі су тасқынына әкелді. Бұл туралы жексенбі, 21 наурыз күні жергілікті билік хабарлады.

Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі Глэдис Береджиклян жағдай болжамдағыдан ауырлау болғанын мәлімдеді. Сегіз миллион халқы бар Жаңа Оңтүстік Уэльс –Австралияның халқы ең тығыз орналасқан штаты.

"Кеше біз мұндай оқиға 20 жылда бір болар деп үміттенгенбіз. Қазір ол 50 жылда бір болатын жағдайға ұқсап тұр" деді Береджиклян теледидардан көрсетілген брифингте.

Сиднейдің солтүстік-батыс бөлігіндегі кей аудандарда тұрғындарға түн ортасында үйін тастап кетуді ұсынды. Өйткені ағысы жылдам су жаппай бүлінуге әкелді. Береджиклянның сөзінше, мыңға жуық адам көшуге көмектесуді сұраған, төрт мыңға жуық адам үйін тастауға мәжбүр болуы мүмкін.

Телерепортаждар мен әлеуметтік желіде тараған видеолардан су тасқынының үйлер мен жолдарды қалай қиратып жатқанын көруге болады. Ағаштар құлап, жол инфрақұрылымына зақым келіп жатыр. Апат қызметтері жүздеген үйдің бүлінгенін хабарлады.

Штаттағы бірнеше ірі жолдар жабылып, көптеген мектеп дүйсенбідегі сабақтарды кейінге қалдырды.

Метеорологтардың хабарлауынша, нөсер бірнеше күн бойы жаумақ. Апат бригадалары бейсенбі, 18 наурыздан бері көмек қолын сұраған 6000 қоңырау түскенін айтады.

Баспасөздің хабарлауынша, табиғи апат Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы вакциналау процесіне де теріс ықпал етіп, 6 миллион дозаның жеткізілуін бірнеше аптаға шегерген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG