Accessibility links

Еуропа одағына ресейлік "Спутник V" екпесінің "қажеті жоқ"


Ресейлік "Спутник V" екпесі.
Ресейлік "Спутник V" екпесі.

Еуропа одағы Ресейдің коронавирусқа қарсы "Спутник V" екпесін қажет етпейді. Бұл туралы ЕО ішкі нарық бойынша комиссиясының басшысы Тьерри Бретон мәлімдеді. Оның сөзінше, Еуропа одағындағы халықта ортақ иммунитет қалыптасу үшін қазір мақұлданған төрт екпе жеткілікті.

Бретон маусымға дейін ЕО елдеріне Covid індетіне қарсы 300-350 млн доза екпе келетінін айтты. Ол "шілденің ортасына таман бүкіл құрлықта ортақ иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік болады" деп санайды.

Бретон егер Ресей қажет деп тапса, Еуропа одағы "Спутник V" екпесін шығаруға көмектесуге дайын деді. Оның айтуынша, Ресейде вакцина шығарудан қиындықтар туындап, халыққа екпе жетпей қалуы мүмкін.

Ресми дерек бойынша, Ресейде жеті миллион адам екпе алған. Бұл адам басына шаққанда ЕО елдерінің біразынан төмен.

  • 4 наурызда Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі ресейлік "Спутник V" екпесін тексеруді бастаған. Тексеріс нәтижесінде бұл екпе ЕО аймағында қолдануға рұқсат етілуі мүмкін.
  • 15 наурызда Ресей "Спутник V" екпесін Испания, Франция, Германияда шығару туралы келіскен. Бұдан бөлек, Ресей мен швейцариялық Adienne Pharma & Biotech бұл екпені Италияда шығару туралы келісімге қол қойды. Мәскеу мен Вена "Спутник V" екпесін Австрияға жеткізу және шығару мәселесін талқылаған.
  • Венгрия мен Словакия "Спутник V" екпесін сатып алу туралы келіскен. Чехия мен Хорватия осы вакцинаны алуға қызығушылық танытып отыр. ЕО аумағында мақұлданбаған екпені сатып алу туралы келісім Словакияда саяси дағдарысқа себеп болып, елдің денсаулық министрі отставкаға кетті. Елдің премьері Игор Матович те орнынан кетуге дайын екенін мәлімдеді.
  • ЕО өкілдері Ресей басқа екпелерді дискредитация жасау үшін арнайы науқан ұйымдастырды деп айыптайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG