Accessibility links

НАТО Ресей мен Қытайдан "төнген қауіпке" қарсы бірігіп жұмыс істемек


НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің жиыны. Брюссель, 23 наурыз 2021 жыл.
НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің жиыны. Брюссель, 23 наурыз 2021 жыл.

"Ресейдің агрессиялық әрекеті еуроатлантикалық аймаққа қауіп төндіреді" деп мәлімдеді НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері Брюссельдегі жиында. Олар альянс "күннен-күнге артып келе жатқан қауіп пен бәсекеге" төтеп беру үшін бірлесе жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.

"Адуынды және авторитар державалар мен мемлекеттік емес субъектілер халықаралық қауіпсіздікке қауіп төндіріп тұр" деп жазылған министрлердің 23 наурызда Брюссельдегі келіссөзден соң қабылдаған мәлімдемесінде.

Мәлімдемеде "гибрид қаупі, кибершабуыл қаупі және жаңа технологияларды теріс жолда пайдалану" жайлы айтылған.

НАТО-ның екі күндік кездесуінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытайдың әскерін күшейтуі және Ресейдің Батыстың тұрақтылығын бұзуды көздейтін әрекеттерін тойтару үшін НАТО бірігуі тиіс деп мәлімдеді.

НАТО-ға мүше 30 елдің сыртқы істер министрлерінің кездесуі 2019 жылдан бері алғаш рет өтіп жатыр.

Министрлер НАТО келісімінің 5-бабының сақталуы керек дегенге келісті. Бұл бапқа сай, НАТО-ға мүше бір елге шабуыл жасалса, бәріне шабуыл жасалды деп есептеледі.

Блинкен Брюссельге алғашқы сапарында Еуропа одағы лидерлерімен кездесіп, президент Байденнің трансатлантикалық байланысты қайта күшейту ісі бойынша сөйлеседі.

"АҚШ НАТО-дағы серіктестерімен байланысты қайта қалпын келтіргісі келеді" деді ол.

Дональд Трамп АҚШ президенті болып тұрған төрт жылда НАТО-ға мүше кейбір елдерді "қорғанысқа аз қаржы бөледі" деп айыптап келген. Бұл Вашингтонның кейбір одақтастарының күмәнін туғызған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG