Accessibility links

Британдық коронер: Айсұлтан Назарбаевтың қазасына есірткіге тәуелділік себеп болған


Айсұлтан Назарбаев.
Айсұлтан Назарбаев.

Ұлыбританияның құпия өлімді зерттейтін ресми өкілі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Назарбаевтың қазасына есірткіге тәуелділік себеп болды деген қорытынды жасады. Зерттеу нәтижесі 24 наурызда жарияланды. Оның нәтижесі бұрынғы президенттің немересінің қазасы төңірегіндегі түрлі күдік-дүдәмалдарды сейілтеді деп айтылады. Айсұлтан 2020 жылы 16 тамызда Лондондағы саябақтан ессіз күйде табылған еді. Кейінірек оның қайтыс болғаны жайлы хабар тарады.

Айсұлтан Назарбаев жылдар бойы есірткіге тәуелділікпен күрескен. Ол сонымен бірге өзінің отбасын бірнеше рет жемқорлық үшін айыптаған. Бұл оның қазасына байланысты түрлі жорамалдардың туындауына себеп болған еді.

Сараптама кезінде аға коронер Фиона Уилкокс оқиғаны есірткімен байланыстыра сипаттаған куәгерлер, полиция қызметкерлері және психиатрдың сөздерімен келіскен.

"Айсұлтан өз ажалымен қайтыс болды деп санаймын; ол кокаинға тәуелділіктің нәтижесінде қайтыс болды" деді Уилкокс тыңдау қорытындысы кезінде.

30 жасқа шыққан Айсұлтан Назарбаев - Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның бұрынғы күйеуі марқұм Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысына айналған Рахат Алиев 2015 жылы Австрия түрмесінде тергеуде жатып қайтыс болған.

Былтыр жыл басында Айсұлтан Назарбаев Ұлыбританиядан саяси баспана алғысы келетінін айтқан. Бірақ оның саяси баспана алу жөнінде өтініш жазғаны жайлы мәлімет жоқ. Кейінгі жылдары ол өзінің жақын туыстарына түрлі деңгейде айып тағып, Қазақстан билігін сынаған.

2019 жылы қазан айында Ұлыбритания соты Айсұлтан Назарбаевты сол жылы маусым айында Лондон полициясының қызметкеріне қол көтергені үшін шартты жазаға кесті. Оқиға кезінде Айсұлтан International Park Plaza Hotel болып, балкон арқылы белгісіз бір әйелдің пәтеріне кіріп кеткен. Британия басылымдарының жазуынша, ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG