Accessibility links

БҰҰ комитеті журналист Дмитрий Тихоновтың шағымы бойынша шешім шығарды


"Гражданская оборона" қоғамдық ұйымының қызметкері Дмитрий Тихонов. Алматы, ақпан айы 2014 жыл.
"Гражданская оборона" қоғамдық ұйымының қызметкері Дмитрий Тихонов. Алматы, ақпан айы 2014 жыл.

БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті қазақстандық журналист Дмитрий Тихоновтың шағымы бойынша шешім шығарды. Комитет бірнеше жыл бұрынғы істе журналистің құқығы бұзылған деген қорытындыға келген. Бұл туралы Тихонов 25 наурыз кешке Facebook-тағы парақшасында хабарлады.

Комитеттің пікірінше, мемлекет журналистің еркін пікір айту, ақпарат іздеп, табу, тарату мен бейбіт жиынға қатысу құқығын бұзған.

2014 жылы сот Алматыда теңгенің құнсыздануына қарсы акциядан хабар таратқан журналист Тихоновқа айыппұл салған. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда қабылданған сот шешімін күшінде қалдырған.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Exclusive.kz сайтына берген сұхбатында "бір атап өтетін жайт – Тихонов бейбіт жиынға журналист ретінде қатысқан. Оның редакциялық тапсырмасы, жилеті болған. Яғни, ол бейбіт жиынға қатысушы ретінде емес – жұмысқа барғандай барған" деді.

Сот шешімінде соттың жұмыс уақытында өтпегені көрсетілген. Халықаралық пактіге қол қойған Қазақстан билігі Тихонов жиынға журналист ретінде қатысқанын дәлелдейтін айғақ көрсетсе де, оларды не үшін ескермегенін түсіндіре алмаған.

Теңге девальвациясына қарсы рұқсат етілмеген акциялар 2014 жылы Алматыда 15-16 ақпанда өткен. Екі күн ішінде шамамен 40 шақты адам ұсталған. Біреуі 10 күнге қамалған, басым бөлігіне айыппұл салынған.

"Жиын заңсыз деп танылып, таратылса да, оны бақылау құқығынан ешкімді айыруға болмайды" делінген БҰҰ комитетінің шешімінде.

БҰҰ комитеті соңғы он жылда шамамен 40 шақты қазақстандыққа шешім шығарып, олардың Қазақстанда әділетсіз сотталғанын атап өткен. Дегенмен БАҚ-тың жазуынша, тек екеуі бойынша ғана сот шешімі ішінара орындалған.

Құқық қорғаушылар БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитет шығарған шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс деп санайды. Ал лауазымды тұлғалар комитеттің шешімі тек рекомендация сипатындағы шешім, оны орындау міндеттелмеген дейді. Шешімді орындату үшін шағымданушылар сотқа шағымдана алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG