Accessibility links

Макрон вакцинаның салдарынан соғыстың жаңа түрі тұтанғанын айтты


Франция президенті Эммануэль Макрон.
Франция президенті Эммануэль Макрон.

Ресей мен Қытай коронавирусқа қарсы вакцинаның көмегімен әлемде ықпалын арттыруға ұмтылып, Еуропа соғыстың жаңа түріне кезікті. Еуроодақ елдері саммитінің алғашқы күнін қорытындылауға арналған баспасөз жиынында Франция президенті Эммануэль Макрон осылай деп мәлімдеді.

Макронның пайымдауынша, мұндай жағдайда Еуроодақ коронавирус вакцинасын өзі өндіре алатындай жағдайда болуы керек. "Жазға таман Еуропа ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қажетті дәрежеде вакцина дозасын өндіре алады" деді француз басшысы.

Осыған дейін Франция сыртқы істер министрі Клеман Бон маусым айына қарай коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын пайдалануы мүмкін екенін де жоққа шығармаған болатын.

Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі әзірге "Спутник V" вакцинасын мақұлдаған жоқ. Соған қарамастан Еуроодақтың кейбір елдері өз бетінше оны сатып алуға талпынып жатыр. Словакияда бұл саяси дағдарысқа апарған.

Сараптама нәтижесі шықпай тұрып, 25 наурызда Германия да вакцинаны сатып алуға кірісе беру керек деп мәлімдеген.

Осы аптада ЕО-ның ішкі нарық мәселелері жөніндегі комиссия жетекшісі Тьерри Бретон Еуроодаққа "Спутник V" вакцинасы қажет емес деп айтқан. Оның сөзінше, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін Еуроодаққа мақұлданған 4 вакцинаның өзі жеткілікті.

Кейінгі кезде Еуроодақ "вакциналау процесін баяу жүргізгені үшін" жиі сыналып жүр.

Дегенмен Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің сөзіне қарағанда, Еуропа әлемде вакцинаны ең көп экспорттайтын аймақ ретінде қалып отыр. Былтыр желтоқсаннан бері Еуроодақ 77 млн вакцина дозасын экспорттаған. Ал Еуроодақ тұрғындарына екпе салу үшін 62 млн доза қолданылған. Еуропада коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасы 18 миллионнан астам адамға салынған. Бұл аймақ халқының 4 пайызына тең.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG