Accessibility links

Алматыда полиция кемінде 7 адамды ұстады


Алматыда оппозициялық күштердің митингісі басталмай тұрып, кемінде жеті адамның ұсталғаны хабарланды. Демпартия белсендісі Күлия Смағұлованың Азаттық тілшісіне хабарлауынша, митингіге келе жатқан төрт адамды полиция Қарасай көшесімен келе жатқан кезде тоқтатып, ұстаған.

"Екі балаға полиция күш көрсетіп, телефондарын тартып алды. Төртеуін көлікке салып алып кетті" деді белсенді Азаттық тілшісіне. Оған солардың бірі телефонмен хабарласып айтып үлгерген. Төрт адам Медеу аудандық ішкі істер басқармасына әкетілген.

Бұдан бөлек, Шевченко мен Қонаев көшелерінің қиылысында қара форма киген балаклавамен бүркенген бес-алты адамның митингіге келген бір адамды алаңға жеткізбей ұстап әкеткені де белгілі болды. Бұл ақпаратты үш куәгер растады.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция тағы бірнеше адамды ұстамақшы болған кезде Демпартия жақтастары оларға араша түскен. Соның нәтижесінде үш адамның бірі босай алған. Митингіге келгендер ұсталғандар отырғызылған полиция көлігінің жүруіне кедергі жасап, жолды жапқан. Арнайы жасақ оларды ығыстырғаннан кейін полиция көлігі жылжыған. Куәгерлердің айтуынша, ұсталған екі әйел – Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп, Қытай консулдығы алдында наразылық өткізіп жүргендердің арасында болған.

Полицияның алаңға келгендерді қуғаны туралы да ақпарат бар.

Азаттық тілшісі әзірге полициядан жауап ала алмады.

27 наурыздағы митингіге Қазақстанда ресми тіркеуден өтпеген екі ұйым –"Қазақстанның демократиялық партиясының" ("Демпартия") жетекшісі Жанболат Мамай мен Қазақстан соты экстремистік деп танып, Еуроодақ бейбіт ұйым деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ)қозғалысының жетекшісі, қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов шақырған. Мамай бұған дейін митинг жайлы әкімдікке ескерткенін, ескертуі қабылданғанын айтқан.

Жанболат Мамай митингіге Қытай "экспансиясына" жол бермеу және несиені кешіру талабымен шығатынын айтқан. Кейінгі жылдары Қазақстанда Қытаймен ортақ жобаларға қарсы наразылық акциялары жиі өтіп келеді. Оған әдетте Қазақстан билігінің Қытай инвестициясын тарту бастамалары түрткі болады. 1 наурыз күні Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі 2023 жылға дейін Қытайдың қатысуымен 56 зауыт не кәсіпорын салынатынын, келісімнің жалпы құны 24,5 миллиард доллар екенін айтқан.

Мұхтар Әблязов Еуропарламент қарарындағы ескертулерді орындауды талап ететінін мәлімдеген. 11 ақпан күні қабылданған қарарада Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалын сынға алып, 20 талап қойған. Олардың арасында "құқық қорғаушы белсенділерді, діни ұйымдарды, азаматтық қоғам ұйымдары мен кәсіподақтарды, журналистер мен саяси оппозициялық қозғалыстарды саяси себеппен қудалауды тоқтату, жұрттың саяси, діни және басқа да көзқарастарын еркін білдіруіне жағдай жасау, еркіндікті қамтамасыз ету үшін бейбіт жиындар туралы заңдарға өзгеріс енгізу» және саяси тұтқындарды дереу босату талаптары бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG