Accessibility links

Беларусьті "Евровидение-2021" байқауынан аластатты


"Галасы ЗМеста" тобы.
"Галасы ЗМеста" тобы.

Беларусь мамырдың ортасында Роттердам қаласында өтуі тиіс "Евровидение-2021" музыкалық байқауынан аластатты. Бұл туралы байқаудың ұйымдастырушысы Еуропа хабар тарату одағының (European Broadcasting Union – EBU) 26 наурыздағы мәлімдемесінде айтылады.

Байқау ұйымдастырушысы 10 наурызда "Белтелерадиокомпанияға" хабарласып, Беларусь атынан қатысатын музыкалық топ жөніндегі ескертулердің орындалуын қадағалауды сұраған. Кейінірек Минск байқауға сол топтың орындауындағы өзге бір әнді ұсынған.

"Хабар тарату одағы мен байқаудың басқарушы кеңесі жаңа өтінішті зерттеп, оның жарамдылығын бағалады. Бірақ бұл өтініш те байқау ешкімнің мүддесі үшін пайдаланылмайды және оның беделіне нұқсан келтіруге болмайды деген ережеге қайшы деген қорытынды жасалды. БТРК ұзартылған мерзім ішінде өтініш бере алмағандықтан, Беларусьтің мамыр айында 65-ші рет өткелі отырған "Евровидение" музыкалық байқауына қатыса алмайтынын өкінішпен мәлімдейміз" делінген EBU хабарламасында.

Осының алдында Беларуське "Галасы ЗМеста" тобының "Я тебя научу" ("Мен саған үйретемін) дейтін әнін алмастыру туралы өтініш жасалған. Байқау ұйымдастырушылары ән "байқаудың бейсаяси сипатына күмән келтіреді" деген.

Әнде "Мен сені тәртіпке келтіремін... Бұл өзіңе жақсы" деген жолдар бар. Әннің бұл сөздері Беларусьте әділ сайлауды талап еткен наразылық акцияларының қатысушыларына бағытталған дейтіндер көбейді.

Баспасөз құралдары "Галасы ЗМеста" тобының осыған дейін Беларусь оппозициясының лидерлері Светлана Тихановская, Павел Латушко және Мария Колесникова туралы әзіл-сықақ әндер шығарғанын жазды. Басылымдар сондай-ақ Беларусьтің байқау қатысушысын ұлттық деңгейде қалай анықтағаны түсініксіз дейді. Ішкі байқауды не теледидардан, не интернеттен көрсетпеген. Халық ұлттық байқаудың мән-жайын білмейді деп жазды "Неміс толқыны" ақпарат агенттігі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG