Accessibility links

Оралда бірнеше адамды ұстап әкетті


Бауыржан Әліпқалиевтің үйі алдында тұрған полиция көлігі. Орал, 27 наурыз 2021 жыл.
Бауыржан Әліпқалиевтің үйі алдында тұрған полиция көлігі. Орал, 27 наурыз 2021 жыл.

Батыс Қазақстан облысының орталығы – Оралда митингіге қатысатынын айтқан бірнеше адамды ұстап әкеткен. Кейбірі полицияның ұстау процесін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салған. Бұдан өзге бірнеше адам үйінің алдында полицейлер күзетіп тұрғанын хабарлады.

27 наурыз күні таңертең полиция қызметкерлері осыған дейін бірнеше мәрте пикет өткізген Бекболат Өтебаевтың үйіне барған. Өтебаевтың өзі мұның видеосын Facebook-те жариялады. Бейне кадрларда полиция қызметкерлерінің белсендіден өздерімен бірге полиция бөліміне баруды сұрап тұрғаны көрінеді. Ақыр соңында Өтебаевты мәжбүрлі түрде алып кеткен.

Осыған дейін митинг өткізуге бірнеше рет өтініш берген Бәкиза Хәлелова әлеуметтік желіде өзін Оралдың орталық алаңы жанында ұстап әкеткенін хабарлады. Оны да полиция бөліміне алып барған. Себебін түсіндірмеген.

Мақсат Айсауытов Азаттыққа телефон арқылы үйінің алдында полиция көлігі тұрғанын хабарлады.

– Бірақ олар (полиция қызметкерлері) маған келмеді, – деді Айсауытов.

Кейінірек оны да ұстап әкетті. Бұл туралы Азаттыққа осыған дейін митингілерге қатысып, бірнеше мәрте ұсталған, әкімшілік жаза алған Бауыржан Әліпқалиев хабарлады.

– Таңғы сегізден бері үйімнің алдында полиция көлігі тұр. Оянғанымда тұрған. Ешқайда бармаймын, бәрібір ұстап әкетеді, – деді Әліпқалиев.

Ол сондай-ақ бірнеше күн бұрын әкімдіктің митинг өткізуге рұқсат бермей қойғанын хабарлаған. Осыдан кейін акция ұйымдастырушылары жиналып, жаңа өтініш беру жайын талқылау туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы Әліпқалиев және бірнеше адам әлеуметтік желіде хабарлады. Рұқсат етілмеген митинг жоспарланған жоқ, дейді Бауыржан Әліпқалиев.

Оның сөзінше, қазір алты адамның ұсталғаны белгілі. Полиция бұл ақпаратты растаған да, терістеген де жоқ.

27 наурыз күні митинг өткізуге екі оппозициялық топ – "Демократиялық партияны" құру бастамашыл тобы мен оның жетекшісі Жанболат Мамай және қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов шақырған.

Митингіге қатысамын деген белсенділерді Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында да ұстап әкеткен. Алматыда Жанболат Мамай жақтастары ұйымдастырған "Қытай экспансиясына" қарсы акцияға 300-ге жуық адам қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG