Accessibility links

Феттах Таминже компаниясына Нұр-Сұлтанда тағы бір құрылыс объектісі тапсырылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Түрік бизнесмені Феттах Таминженің Sembol Construction дейтін құрылыс компаниясы Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан тағы бір құрылыс нысанын алды. Бұл туралы Қазақстан үкіметінің 17 наурыз күнгі қаулысынан білуге болады. Жаңалық жарияланар сәтте құжат мәтіні үкімет сайтында болған жоқ.

Қаулыда "Сембол Улусларарасы Ятырым Тарым Пейзаж Иншаат Туризм Санайи ве Тиджарет Аноним Ширкети" (Sembol Uluslararasi Yatirim Tarim Peyzaj Insaat Turizm Sanayi Ve Ticaret A.S. немесе Sembol Construction) компаниясына Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Сауран және Хусейн бен Талал көшелері арасындағы квадратта парк салу тапсырылатыны жазылған.

Нұр-Сұлтан қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының сайтында жобаның "Қоршаған ортаға әсерін бағалау" қорытындысы жарияланған. Оған қарағанда, түрік кәсіпкерінің компаниясына астанадағы "Жасыл белдеуге" жататын 250 гектар жер берілмек.

Sembol Қазақстанда 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында компанияға Қазақстан астанасымен, Ақтау және Түркістан сияқты қалалардан ірі құрылыс объектілерін салу тапсырылған. Олардың арасында Нұр-Сұлтандағы "Хан Шатыр" сауда-сауық орталығы, "Астана Арена" спорт кешені, "Нұр Әлем" шары, "Қазмедиа" орталығы, "Нұрлы жол" вокзалы, "Назарбаев орталығы", Ақтаудағы Rixos Water World қонақүйі және өзге де ғимараттар бар.

Азаттық зерттеуіне қарағанда, Sembol Construction компаниясының басқарма төрағасы Феттах Таминже Қазақстандағы ең бай шетелдік кәсіпкер саналады. Ол сондай-ақ Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз қарым-қатынаста. Sembol Жерорта теңізі жағалауындағы Антальяда Қазақстанға Түркия жалға берген жерде Rixos қонақүйін салған. Оның қасында Назарбаевқа тиесілі деп айтылатын салтанатты зәулім резиденция орналасқан.

Назарбаев пен дәулетті түрік бизнесменін не байланыстырады?

Назарбаев пен дәулетті түрік бизнесменін не байланыстырады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:57 0:00

Компанияның аты былтыр Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақүй салу төңіргендегі дауда аталған. Бірегей табиғи аймақта қонақүй салу идеясы экобелсенділер наразылығын туғызған, бірақ жоба тоқтай қоймаған. Қонақүйді осы компания салмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG