Accessibility links

Ахметжан Есімов "Самұрық-Қазына" қорының басшылығынан кетті


"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының бұрынғы басшысы Ахметжан Есімов (сол жақта), премьер-министр Асқар Мамин және қордың жаңа басшысы Алмасадам Сәтқалиев.
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының бұрынғы басшысы Ахметжан Есімов (сол жақта), премьер-министр Асқар Мамин және қордың жаңа басшысы Алмасадам Сәтқалиев.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімов қызметінен кетіп, оның орнына Алмасадам Сәтқалиев тағайындалды. 29 наурызда премьер-министр Асқар Мәмин қор ұжымына жаңа басшыны таныстырды деп хабарлады премьер-министр сайты.

Үкімет жетекшісі қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке "Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және Тәуелсіздік жылдары түрлі мемлекеттік лауазымдардағы тиімді жұмысы үшін алғыс айтқан". Есімов қорды 2017 жылдан бері басқарып келеді.

Былтыр есеп комитеті ел экономикасын қолдау үшін құрылған қордың мемлекет ресурсын дұрыс жұмсамай жатқанын сынап, қордың табысы (салық, материалдық активтердің тозуы және экономикалық амортизацияны шегермегенде) 2017 жылғы көрсеткіш - 18,7 пайыздан 16,5 пайызға түсіп кеткені де хабарланған. Сол кезде сатып алу процедураларының ашық еместігі де айтылды. Есеп комитеті былтыр жыл басында "ҚазАгро" және "Бәйтерекпен" бірге "Самұрық-Қазынаның" да жұмысын тексеретінін айтқан.

"Холдингтердің қаражатының басым бөлігі бәсекесіз жолмен жұмсалып жатыр. Дивидендтік саясатында жүйелі кемшіліктер бар. Мемлекетке төленген дивидендтер көлемі алынған таза табыспен сәйкес емес" деген есеп комитеті сол кезде.

50 жастағы Алмасадам Сәтқалиев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "механик, қолданбалы математик" мамандығы бойынша тәмәмдаған. Бұған қоса, Назарбаев университетінің, Стэнфорд университетінің жоғары бизнес мектебін бітірген. 2018 жылдан бастап "Самұрық-Қазына" қорының активтері бөлімін басқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG