Accessibility links

Өзбекстанда гейлердің құқығын қорғап жүрген блогер ауыр соққыға жығылды


Соққыға жығылған Миразиз Базаров.
Соққыға жығылған Миразиз Базаров.

Өзбекстанда ЛГБТ-қауымдастықтардың құқығын қорғап жүрген белсенді, блогер Миразиз Базаровты біреулер ұрып-соғып кеткен. Ол 28 наурызда ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.

Ташкенттегі травматология ауруханасының дәрігерлері Азаттыққа 29 жастағы белсендінің денесі бірнеше жерден жарақаттанғанын, сол аяғы сынып, миы шайқалғанын хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, Базаровтың жағдайы ауыр. Басына операция жасау үшін басқа ауруханаға ауыстырылуы да мүмкін.

Базаровтың көршілерінің бірі белсендіні көз алдында ұрып кеткенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, 28 наурызда кешке үйінің жанында маска таққан үш ер адам (бірінің қолында бейсбол таяғы болған) оны ұрып-соққан. Оқиға шамамен 3 минутқа созылған.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон шабуылды айыптады.

"Өзбекстан осы айда БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінің міндеттемелерін мойнына алды, теория жүзінде адам құқығы саласындағы халықаралық стандарттарды қолдайтынын білдірді. Солай болуы да тиіс! ЛГБТ-ға күш көрсетуді доғару керек" деп жазды Уильямсон 28 наурызда Twitter-де.

Өзбекстандағы геилердің қуғындалуына байланысты алаңдаушылық білдірген HRW Ташкентті олардың құқықтарын қорғап, біржыныстыларды өзара қатынас орнатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартпауға шақырған.

28 наурызда Базаров жапон анимесі мен кореялық поп-музыка жанкүйерлерінің апта сайынғы шарасын ондаған ер адамның күшпен тоқтатып тастағанын, "Аллах Акбар" деп айқайлағанын айтқан.

Базаров Telegram-арнасында Өзбекстан үкіметін жиі сынайды. Ол билікті біржыныстыларды өзара қатынасы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартпауға шақырған. Блогер президент Шавкат Мирзияевті қажетті дәрежеде жемқорлықпен күреспеді деп санайды. Коронавируспен күрес шараларының тиімділігіне де күмән келтірген.

Ол былтыр Facebook-та Халықаралық валюта қоры мен Азия даму банкін қаражаттың жұмсалуын қатаң қадағалауға алмай Өзбекстанға қарыз бермеуге шақырған. Одан кейін Базаровты мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тергеушілері тергеген.

Базаров Азаттық тілшісіне кейінгі апталарда қолданушылар тарабынан қоқан-лоқы көбейгенін, милицияға хабарлағанмен реакция танытпағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG