Accessibility links

Оралда аштық жариялаған тұрғынның туыстары мен жақтастары оны босатуды талап етті


Орал тұрғыны Бекболат Өтебаевтың әпкесі Гүлжан Ермекқожаева полиция қызметкеріне бауыры туралы сұрақ қойып жатыр. Орал, 29 наурыз 2021 жыл.
Орал тұрғыны Бекболат Өтебаевтың әпкесі Гүлжан Ермекқожаева полиция қызметкеріне бауыры туралы сұрақ қойып жатыр. Орал, 29 наурыз 2021 жыл.

29 наурызда оннан астам адам Орал қаласының полиция бөліміне жиналып, өткен аптада қамалған тұрғын Бекболат Өтебаевты босатуды талап етті. Сот Өтебаевты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп танып, бір ай бұрынғы пикеті үшін 5 күнге қамаған. Сот қаулысымен келіспеген Бекболат Өтебаевтың демалыс күндері аштық жариялағаны да белгілі болған.

Дүйсенбі күні полиция алдына келгендер мүгедектігі бар Өтебаевтың денсаулығына алаңдап, оның қажетті дәрі-дәрмек қабылдамай отырғанына да алаңдаушылық білдірді. Бекболат Өтебаевтың әпкесі Гүлжан Ермекқожаева бауырымен телефон арқылы қысқа ғана тілдесе алған.

— Жергілікті дәрігер оған телефон әкеп берді. Видеоқоңырау шалдық. Бірақ ол тіпті сөйлескісі де келмеді. Төсектен тұрмайды, бүркеніп жатып алған. Аштықты тастамайтынын, дәрі-дәрмек қабылдамайтынын айтты, — деді жыламсырай сөйлеген Ермекқожаева.

Өтебаевтың медициналық құжаттарын көрсеткен туыстары оның асқазаны ауыратынын, ерекше рационмен тамақтануы қажеттігін алға тартты.

Полициядан басқарма жетекшісінің міндетін атқарушы Жантемір Иманалиев шықты. Ол полицияның сот қаулысының күшін жоя алмайтынын айтты, Өтебаевтың аштық ұстап жатқанын растады.

— Қамау туралы шешімді біз емес, сот шығарды. Сот шешімін кері қайтара алмаймыз. Біз тек шешімді орындаймыз. Қазір Өтебаевтың жағдайы орташа, оны дәрігер қарап шықты, тамақ ішуден және дәрі қабылдаудан бас тартқан, — деді Иманалиев.

Құқық қорғаушы, Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Павел Кочетков Азаттыққа Өтебаевты қамау туралы қаулыға апелляциялық шағым әзірлеп қойғанын айтты. Жақын арада сотқа өткізбекші. Ол "адам құқығын бұзатын" сот шешімі қабылданғанын айтып, Өтебаевта мүгедектік барын білетін сот ондай қаулы қабылдамауы тиіс еді деді.

Бекболат Өтебаев 27 наурызда "заңсыз пикет өткізгені үшін" қамалған. Сот оны Әкімшілік кодекстің 488-бап 7-тармағы бойынша кінәлі деп тапқан. Бір ай бұрын ол Оралдың орталық алаңында 2020 жылы ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған Дулат Ағаділ мен сол жылы күзде төбелес кезінде пышақ жарақатынан қайтыс болған Жанболат Ағаділді еске алу шарасын өткізген.

Өткен айда қабылданған Еуропарламенттің "Қазақстандағы адам құқығының ахуалы" резолюциясында Дулат Ағаділ мен ұлы Жанболат Ағаділ "құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтің заңсыз әрекеті мен саяси репрессиясының нәтижесінде" қаза болған белсенділердің тізімінде атап көрсетілген.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда "пікір айту еркіндігі" шектелетінін, "бейбіт жиналу құқығы" жиі бұзылатынын айтады. Былтыр мамырда қабылданған бейбіт жиын туралы заңға сәйкес, азаматтар жергілікті билікке митинг өткізетінін алдын ала ескертуі тиіс. Бұл заңды билік өкілдері "ірі демократиялық қадам" деп мақтаған. Ал жергілікті және халықаралық сарапшылар заң бейбіт жиын өткізу тәртібін жеңілдетпеді, ескі шектеулер бұрынғыша сақталып қалды деп санайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG