Accessibility links

"Жағдайды түзеу үшін ештеңе жасаған жоқ". Шахтер-регрессниктер Тоқаевқа қайта қайырылды


Өндірісте жарақат алған шахтерлардың заңгерлерімен кездесуінен көрініс.
Өндірісте жарақат алған шахтерлардың заңгерлерімен кездесуінен көрініс.

Қарағанды облысында өндірісте жарақат алып немесе кәсіби дертке шалдығуына байланысты мүгедек болып қалған шахтер-регрессниктер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа виртуалды қабылдауы арқылы қайта қайырылды. Шахтерларды президентке жазған бірінші өтініштеріне келген жауабы қанағаттандырмай отыр. Олар өтінішті мемлекет басшысына жібергенмен жауапты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен алған. Регрессниктер "шағымымызды президенттің өзі қарауы тиіс" деп санайды.

Президентке қайтара жазған шағымында шахтерлар 2015 жылы 10 мамырда Азаматтық кодекске енген түзетулер Конституция мен БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы Конвенциясына, Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелеріне қайшы деп жазған. Олардың сөзіне қарағанда, түзетулер өтемақы сомасын қысқартып, өндірістегі мүгедектердің жағдайын нашарлатып жіберген.

"Қандай негізде заң қатынасы өзгерді, қандай негізде заң кері жұмыс істей бастады? Заңнаманы қолданудағы бірізділік бұзылды. Оның үстіне 2015 жылы қабылданған түзетулер заң бойынша тек түзетулер қабылданғаннан кейін ауыр жарақат алғандарға ғана қолданылады, ал олардың саны мүгедектердің жалпы санының 5 пайызын ғана құрайды. Жұмысшы өмірінің құны азайғаннан кейін жұмыс беруші де өндірісті жаңарту мен еңбек қауіпсіздігі мәселесіне жүрдім-бардым қарай бастайды. Төлемнің құны өзгермеді деуі өтірік. Оны инфляция жеп қойып жатыр. Жағдайды түзеу үшін ештеңе жасаған жоқ. Бұл бізді халықаралық ұйымдар мен Еуропарламентке жүгінуге мәжбүрлейді. Бірақ ондай жағдайда Қазақстанның беделіне нұқсан келеді, инвесторлар қаша бастайды. Біз Қазақстан Конституциясының орындалуына кепілдік беруші ретінде Сізге тағы бір мәрте қайырыламыз" делінген президентке арналған хатта.

Қазақстанда өндірісте жарақат алып, мүгедектік алған 14 мыңнан астам адам бар. Қарағанды облысындағы регрессниктер бұған дейін де жағдайларының нашарлығына шағымданып, көмек сұраған. Бастамашыл топ бірнеше мәселе көтерген: ауыр әрі қауіпті жұмыс істейтін жұмысшылардың зейнетке шығу жасын қайта қарау, 2015 жылы заңнамаға түзету енгенге дейін еңбекке жарамсыз болып қалған адамдарға төленетін өтемақы көлемін қайта қарау және өзге де мәселелер.

Бұған дейін олар жұмыс беруші есебінен шахтерларға арналған арнайы реабилитация орталықтарын ашу мәселесін қозғаған. Еңбек және азаматтық заңнамадан қайғылы оқиға кезінде жұмысшының кінәсін ескеру туралы норманы алып тастау қажеттігін алға тартқан. Бұған қоса, жәрдемақы көлемін де арттыруды талап еткен. Регрессниктердің айтуынша, қазір олар ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз жәрдемақы алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG