Accessibility links

Көше сыпыру, қар күреу, көмек сұрау. Асыраушысы Қытайда қалғандар қалай күн көріп жүр?


Бикамал Кәкен Қытайдан Қазақстан қайта алмай отырған күйеуі Әділғазы Мұқайұлының суретін ұстап тұр.
Бикамал Кәкен Қытайдан Қазақстан қайта алмай отырған күйеуі Әділғазы Мұқайұлының суретін ұстап тұр.

Жақындары Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі "саяси үйрену лагері" деп аталған қамау мекемелерінде қалып қойған отбасылардың халі нешік? Асыраушысы айлап-жылдап қайтпағандардың бала-шағасы Қазақстанда қалай күн көріп жүр? Бірі төрт жыл бұрын күйеуі тауып берген аядай үйде қайырымды жандардың көмегімен әлі тұрып жатыр. Енді бірі 100 шақырым жерден табылған қара жұмысты қанағат қылады.

"БІР КҮН АШ, БІР КҮН ТОҚПЫЗ"

Алматы маңында тұратын Бикамал Кәкен үшін төрт жылдан бері өмір тоқтап қалғандай. Күйеуі "жиын болады" деп Шыңжаңға аттанарда жалға алған Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы – Ұзынағаш ауылындағы бір бөлмелі үйде екі баламен биыл бесінші жыл тұрып жатыр.

Бикамалдың 6 және 4 жасар екі қызы бар. Олар төрт жылдан бері әкесіз өсіп келеді.

"Әкесі Қытайға кеткенде мына қыз бес айлық шақалақ еді. Бұл да есін біліп, әкесін жиі сұрай бастады" дейді ол кіші қызын көрсетіп.

Бикамал Қазақстан азаматтығын 2018 жылы алған. Жалдап тұрып жатқан баспанасына қыста 40 мың (95 АҚШ доллары), жазда 30 мың теңге (70 доллар) төлейді. Күйеуі Әділғазы Қытайға кетерде бұларды осы үйге орналастырған.

Бикамал жұмыс істемейді, себебі екі кішкентай қызға қарайтын ешкім жоқ.

"Атажұрт еріктілері" және "Қайырымды қандастар" сияқты ұйымдар тұрақты көмектесіп тұрады, жеке азаматтар да қарайласады. Алматыда тұратын үлкен бір апа бар. Аты-жөнін ешкімге айтпауымды өтінген. Сол апа үйімнің пәтерақысын тұрақты төлеп келеді, ай сайын азық-түлік әкеліп береді. Әйтеуір бір күн аш, бір күн тоқ, өмір сүріп жатырмыз" дейді Бикамал.

Күйеуі Қытайда қалып қойған Бикамал Кәкен Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы – Ұзынағаш ауылындағы бір бөлмелі үйде екі баламен биыл бесінші жыл тұрып жатыр.
Күйеуі Қытайда қалып қойған Бикамал Кәкен Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы – Ұзынағаш ауылындағы бір бөлмелі үйде екі баламен биыл бесінші жыл тұрып жатыр.

Тіркеуі көрші Қайназар ауылында болғандықтан, Бикамал қызын Ұзынағаштағы мемлекеттік балабақшаға кірігізе алмаған. "Тұрақты жұмысым болмаған соң ақылы балабақшаға беруге жүрексінемін" дейді ол.

Бикамал күйеуі Әділғазы Мұқайұлының осыдан төрт жыл бұрын тоғыз жылға сотталып кеткенін, қазір Шыңжаңның Қарамай қаласында жазасын өтеп жатқанын ұзынқұлақтан естіген. Қандай баппен сотталғанын білмейді.

Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Қарамай қаласында қарапайым мұнайшы болып жұмыс істеген Әділғазы денсаулығына байланысты 2016 жылы зейнетке шығып, отбасымен Қазақстанға көшкен. Бикамалдың сөзінше, Қытайда аз ұлттарға қысым сол жылдары күшейе бастаған.

– 2017 жылы күйеуімнің Қарамайдағы бұрынғы жұмыс орнынан хабарласып "Сен кел. Осында бір үлкен жиын болады, соған қатысуың керек. Қатыспасаң зейнетақыңды қиып тастаймыз" деді. Бірақ Қорғас кеден бекетінен өткен кезде ұстап алып кетіпті. Содан бері күйеуімнен еш хабар жоқ. Бір ауыз сөзін ести алмадым. Қарамайда қайынапам тұрады. Бірақ менімен тілдеспейді, сөйлесуден қорқады. Таныс адамдардан "Әділғазы 9 жылға сотталды. Қазір Қарамай түрмесінде" деп сәлем айтыпты. 9 жылға сотталатындай не жазығы бар еді? Бар кінәсі Қазақстанға қоныс аударғаны, шақырған кезде барғаны ма? – дейді ол көзіне жас алып.

"Қызым әкесін де танымайды". Жақындары лагерьде отырғандар көмек сұрайды, 11 қазан 2019 жыл.

"Қызым әкесін де танымайды". Жақындары лагерьде отырғандар көмек сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

"ЖАЗДА ЕГІСТЕ ІСТЕП, ҚЫСТА ҚАР КҮРЕП АҚША ТАПТЫМ"

Күйеуі Емберді азын-аулақ ақшасын алуға Қытайға кетіп оралмай қалған Ұлтай Әбдіқан былтырдан бері мектеп жасындағы үш баламен Қазақстанда тұрып жатыр. Өздері Шыңжаңның Іле Қазақ автономиялық облысы Текес ауданынан 2019 жылы ғана көшіп келген.

"Пандемия басталып, шекара жабылып қалды" деген Ұлтай күйеуінің қамауда жатқанын жоққа шығарады. Ол туралы сұрақтарға жауап бергісі де келмейді.

Өзінің айтуынша, жақында Текес аудандық әкімшілігімен сөйлесіпті, олар "шекара ашылса күйеуіңді жібереміз" деп уәде еткен. "Қытай туралы жаман жазып қоймаңыздаршы, күйеуімді қайтармай қойып жүрер" дейді ол қорқынышын жасырмай.

Үш баланың үлкені 11-сыныпта, кішілері 7, 8-сыныпта оқиды. Ортаншы ұлы аурушаң.

"Жүйке тамырлары жансызданған дейді. Жүреді, бірақ күші жоқ. Жүрелеп отыра алмайды. Жерден еңкейіп зат көтере алмайды, жүгіре алмайды" дейді Ұлтай.

Балаға әлі еш жәрдемақы берілмейді. Оның құжаттарын рәсімдеуге қаражат пен бюрократия қолбайлау дейді анасы.

– Құжатты енді жинап жүрмін. "Сәуір айында аппаратқа түсіресің, одан кейін балалар ауруханасына жатқызасың" деген. Ауруханасына да екі рет барып келдім. Қағаздары өте көп екен. Шаршап кеттім. Оның үстіне ақшамыз да жетпей жатыр, бәрі ақылы, – дейді Ұлтай.

Оралман әулет көшіп келісімен Қытайдан әкелген қаржысына үй сатып алған. Отағасы ар жақта қалған, өзі жұмыссыз Ұлтай бала-шағаны асырау үшін жалданып жұмыс істеп жүрмін дейді. Былтыр жаз бойы егісте арам шөп жұлып, ақша тапқан. Күніне 5 мың теңгеден (12 доллар) алып отырған. Күре жолдың бойында қоқыс та терген.

Ал қыста екі ай Алматыда көше сыпырып, қар күрепті. Тескенсу ауылы мен Алматының арасы 100 километр шамасында. Ұлтай екі ай бойы осы екі аралықта қоғамдық көлікпен қатынап жұмыс істеген. Сол үшін күніне үш жарым мың теңге (8 доллар) алып отырған.

Жергілікті ауыл әкімдігі де ара-тұра уақытша жұмыс беріп тұрады екен.

– Күзде әкімдіктің жұмыспен қамту бөліміне тіркеліп, екі ай жол бойын тазаладық. Жаздай жинаған ақшаға отын алып, қыстан шықтық. Енді жұмысқа орналасайын десем азаматтығымыз дайын болмай жатыр, – дейді ол.

Ұлтай Қазақстан азаматтығын алуға құжат тапсырғалы жарты жыл өткен. Одан әлі хабар жоқ. Қазір Қазақстанда тұруға рұқсат беретін ықтиярхатпен өмір сүріп жатыр.

Ұлтай Әбдіқан жағдайын қиындатып жіберуі мүмкін деп суретке түсуден не дайын суретін жіберуден бас тартты.

"АЙНАЛАДАҒЫ ДҮКЕН БІТКЕНГЕ ТҮГЕЛ ҚАРЫЗБЫН"

Түркістан облысы Сарығаш ауданында үш баласын жалғыз өсіріп жатқан Мұхамет Қызырбектің тағдыры туралы Азаттық екі жыл бұрын жазған. 2017 жылы Үрімжіге күйеуі – Мұхаметті іздеп барып, өзі "саяси үйрену лагеріне" түсіп қалған Аманжол Қисақызы бала-шағасымен әлі қауышпаған. Ал балаларға қарап, оларды бағып-қағумен жүрген Мұхамет "жалғызбасты әке" санатында да жоқ.

Қытайдан атамекенге оралып, Қазақстан азаматтығын алған Мұхамет Қызырбек.
Қытайдан атамекенге оралып, Қазақстан азаматтығын алған Мұхамет Қызырбек.

Қазақстанда тұрып жатқан Аманжол Қисақызы 2017 жылы үш баласын Алматыдағы жақын туыстарына қалдырып, күйеуінің артынан шекара асқан. Көп ұзамай тәртіп сақшылары оны "саяси үйрену лагеріне" қамапты. Мұхаметтің айтуынша, Үрімжі қалалық полициясы Аманжол Қисақызын алып қалып, Мұхаметті "үш айдың ішінде үш баланы алып кері қайт" деп жіберген. Мұхамет Қазақстанға келіп, сол күйі балаларының қасында қалып қойыпты.

Анасы кеткенде бір жаста болған кішкентай Бейбарыс 5-ке келді. Үлкені – 13-те. Балалар ана алақанын көрмегелі төрт жылға жуықтады.

"Аманжол Үрімжідегі киім тігетін зауытта істеп жүр. Бірақ ол үшін ешқандай ақы төлемейді екен" дейді күйеуі.

"Бұрын аптасына бір рет болса да телефонмен хабарласып тұрушы едік, соңғы бір айдан бері мүлдем хабар жоқ" дейді ол.

Өзі бірнеше жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған, кенже ұлы ғана Қазақстан азаматы, үлкендерінде – Қытай паспорты.

Әйелі Қытайда қалған Мұхамет күнелту үшін Алматыдан Сарыағашқа көшіп барып, жер алып, үй салыпты. Сатып алған жерінің құжаты дұрыс болмай, үйін де рәсімдей алмай отыр.

Мұхамет Қызырбек Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дастан ауылындағы үйінің алдында тұр. Мұхамет Қызырбектің жеке архивіндегі сурет.
Мұхамет Қызырбек Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дастан ауылындағы үйінің алдында тұр. Мұхамет Қызырбектің жеке архивіндегі сурет.

"Өзім Сарыағашта біреуге 20 мың теңге беріп тіркеуге тұрғанмын. Баларымды да осында тіркеуге тұрғызайын десем, ақша сұрайды" дейді ол

Мұхамет балаларына мемлекеттен ешқандай жәрдемақы алмайды. Тұңғышы мектептен келгеннен кейін бір уақыт ескі көлігімен ауыл арасына кісі тасып, ақша табады, жалданып құрылыста да істейді.

– Әкімдікке көмек сұрап барып едім, "әйеліңізбен ажырасқаның туралы, болмаса қайтыс болғаны туралы құжат керек, әйтпесе балаларыңызға ешқандай жәрдемақы төленбейді" деді. Айналадағы дүкен біткенге түгел қарызбын. Қыстай жіліктеп алған еттің өзіне берешегім 100 мың теңге, – дейді Мұхамет.

15 наурызда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен туыстары Қытайда қалып қойғандардың мәселесі талқыланғанын хабарлады. Онда " Қазақстан азаматтарының Қытайда тұратын туыстарымен қайта қосылуға жәрдемдесу туралы өтініштерін талқылады. Елші Чжан Сяо өтініш білдіргендердің туыстары Қытай азаматтары екенін және ел заңнамасын бұзғандықтан жазаларын өтеп жатқанын хабарлады" делінген.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Басында Пекин лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп атаған. 2018 БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қамау орындарының ұлғайғаны, Қытайда негізсіз айыптармен сотталғандардың көбейгені жайлы зерттеулер жиі жарияланып тұрады. Құқық қорғаушылар мен тұтқында болғандар "лагерьдегі азаптау" мен адам құқығын өрескел бұзудың басқа да жайттары туралы талай куәлік берген. Шыңжаңдағы жағдайды зерттеушілер мен журналистер өлкеде қамау лагерімен қатар ұлты ислам мұсылман топ өкілдерін мәжбүрлі еңбекке салу, әйелдердің күштеп ұрықсыздандыру саясатының барын айтады.

АҚШ үкіметі және адам құқықтарын қорғайтын көп ұйым Шыңжаңдағы жағдайды "геноцид" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG