Accessibility links

Алматы әкімдігі шектеуге қарамастан жиналыс өткізген. Бекшин "бұл - қала үшін маңызды жиын" дейді


Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин (Сурет үкіметтің баспасөз қызметінен алынды).
Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин (Сурет үкіметтің баспасөз қызметінен алынды).

26 мамырда Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және басқа да шенеуніктер коронавирус тарауына байланысты залда жиын өткізуге тыйым салынғанына қарамастан жиналыс ұйымдастырған. 30 наурызда Азаттық тілшісі қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннен әкімдіктегі “жиналыс карантин шектеулерін бұзу емес пе?” деп сұрады.

- Бұл комиссияның жұмысы қаулыны бұзу болып есептелмейді. Себебі бұл ғимаратта қаланың тіршілігіне қатысты жиындар өтеді. Әкімдікте коронавирустың таралуын тоқтату үшін құрылған республикалық комиссияның жиыны өтті. Қазір коронавирустың британиялық және оңтүстік африкалық мутациясы тарап жатыр. Сондықтан ведомствоаралық комиссияның және Алматы қаласындағы комиссияның жиынын шұғыл өткізу керек болды. Жиналысқа аз адам қатысты, арақашықтық сақталды, қатысушылар маска тағып, қолғап киіп отырды. Жиын алдында тест тапсырды, - деді ол.

Бекшин он адам қатысқан жиналысты “көп адам қатысқан жиын” деп санамайтынын айтты. Осыған дейін Алматы қаласы әкімдігі жариялаған суретте жиналыста кем дегенде 13 адам отырғаны байқалады.

Азаттық тілшісі Бекшиннен “егер адамдардың тестінен вирус табылмаса жиналыстарға қатысуға рұқсат етіле ме?” деп сұраған. Бірақ бұл сұрақты модератор үзіп жіберді.

Алматы әкімдігіндегі жиында Бақытжан Сағынтаев, Алексей Цойдан бөлек Бекшиннің өзі және денсаулық саласынан оннан аса шенеунік қатысқан. Бекшиннің 20 наурызда шығарған қаулысында “ғимаратта жиналыс өткізуге” қатаң тыйым салынған.

27 наурызда Бекшин Алматыдағы карантин шектеулерін 12 сәуірге дейін созған. Бұл шектеулер 21 наурыздан бері енгізілген. Бұш шектеулер кәсіпкерлерге ауыр тиген.

30 наурызда Бекшин Алматыдағы шектеулердің астанамен салыстырғанда қатаң болуын вирус жұқтырғандардың өсуімен және “британиялық және оңтүстік африкалық мутацияның тарауымен” түсіндірді.

Ол алдағы уақытта қаладағы тамақтану орындарын Ashyk жүйесіне енгізілетінін де жеткізді. Қазір бұл жүйеге фитнес-клубтар, спа, сауна, бассейн, компьютер орталықтары мен боулинг клубтар енген.

30 наурызда Алматыда 545 адамнан вирус табылды. Пандемия басталғалы қалада 30577 адамнан вирус анықталған. Әкімдіктің мәліметінше, қазір қала инфекциялық ауруханалардағы орындардың 52 пайызында науқастар жатыр.

Қазір қалада 15750 адам ресейлік “Спутник V” екпесінің бір дозасын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG